«МИКРОБІЛІКТІЛІКТЕРДІ ӘЗІРЛЕУ, ЕНГІЗУ ЖӘНЕ ТАНУ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕМИНАР
23.12.2024
2024 жылғы 17-20 желтоқсан аралығында Алматы қаласындағы Satbayev University базасында «Микробіліктіліктерді әзірлеу, енгізу және тану» тақырыбында халықаралық семинар өтті. Бұл іс-шараға Академиялық мәселелер департаментінің директоры А.А.Жакиенова қатысты. Семинарды Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығы және итальяндық CIMEA (Information Centre on Academic Mobility and Equivalence) қауымдастығы ұйымдастырды.
Семинар барысында келесі тақырыптар қарастырылды: «Микробіліктіліктерге кіріспе және қазіргі заманғы тәсілдер»; «Микробіліктілік бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру»; «Микробіліктіліктерді бағалау, сертификаттау және тану».
Семинарда итальяндық CIMEA қауымдастығы өкілдерінің баяндамасына ерекше назар аударылды. Бұл қауымдастық 1984 жылдан бері Еуропада академиялық мобильділік пен біліктіліктерді тануды дамытуға үлес қосып келеді. CIMEA сарапшылары микробіліктіліктерді әзірлеу және тану, әртүрлі салалардың қажеттіліктеріне бейімдеу, сондай-ақ білім беру құжаттарының ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз ету үшін сертификаттау процестерін цифрландырудағы озық тәжірибелерін ұсынды.
Семинар аясында түрлі кейстер ұсынылып, қатысушылар халықаралық тәжірибені талқылап, микробіліктіліктердің модельдерін әзірлеу және бағалау бойынша практикалық сабақтарға қатысты.
Микробіліктіліктер университеттер мен студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, еңбек нарығының қажеттіліктеріне икемді түрде жауап беруге, студенттердің кәсіби өсуіне бағытталған білім беру бағдарламаларын әзірлеуге мүмкіндік береді.