Перейти к содержимому страницы.

МЕРЕЙЛІ 50 ЖАС ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

16.02.2026

Бүгін гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Қуаныш Советұлы «Ердің жасы 50-ге» толды. Ғалымды мерейжас мерекесімен әріптестері мен шәкірттері құттықтады.

Әріптестері оның еліміздің ғылымы мен білімін дамыту жолындағы еңбегі талданып, бағаланса, шәкірттері ұстазынан алған үлгі-өнегісін дәріптеп, берген білімі үшін алғыстарын білдіріп тілектерін арнады. Жүрекжарды жырларын да жолдады.

Кеште ғалымның еңбек жолынан көптеген ақпараттар айтылды. Жастар үшін тәрбиелік мәні терең шара өтті.

Қазақ тілі және әдебиеті білім беру бағдарламасының ұжымы туған күн иесінің құрметіне құттықтау тілегімен бөлісті: 

Қасиетті Баянауыл топырағы қазаққа қаншама білімді де өнерлі ұл- қыздарды сыйлағаны көпшілікке аян. Табиғат-Ана жарты ғасыр бұрын да осы қасиетінен танбай маңдайы жарқыраған тағы бір тұлғаны дүниеге әкелді. Ол - филология саласында өзінің білімі мен еңбекқорлығын қатар ұштап келе жатқан азамат, қазақ тілінің дыбыс жүйесін зерттеуші ғалым, филология ғылымының кандидаты Ерғалиев Қуаныш Советұлы. Халық “Жүрген соң бауырында күнде көріп, Таулардың биіктігі байқалмайды” демекші, көбіне жанымызда қатар жүрген адамдардың қадір-қасиетін бағаламай жатамыз.

«Жақсылар жақсымын деп айта алмайтын, жамандар жақсымын деп айқайлайтын» заманда Қуаныш Советұлын жұмысын үнсіз тындыратын, мақсаты мен жоспарына адал, шәкірттеріне сапалы білім беретін ұлағатты ұстаз, білімді де білікті азамат ретінде танып келе жатырмыз.

Орта мектепті аяқтаған соң алыстан қол бұлғаған арманы сол кездегі білім қуған жас жігітті аспанмен таласқан таулардың етегіндегі Алматы қаласына жетелейді. Әр кезде беделімен танылған Абай атындағы университеттің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бакалавриатын, онан соң магистратурасын абыроймен аяқтайды. Сол қабырғада жүріп біліммен ғана сусындамай, алдағы ғылым жолына бағыт-бағдар берген қазақ филологиясындағы белгілі ғалымдар мен тұлғалардың алдынан өтеді. Қазақ тіл білімінің белгілі зерттеуші ғалымдары Н.Оралбаева, Е.Жанпейісов, Ғ.Қалиев, Ф.Оразбаева, Б.Шалабаев, Б.Қасым, әдебиеттанушы ғалымдар С.Қирабаев, Ж.Ысмағұлов, Н.Ғабдуллин, Н.Келімбетов, Р.Бердібаев, С.Мақпыров, Т.Сыдықов, Б.Әбдіғазиев сынды ғалымдардың шапағаты тиіп, Алматы Қуаныш Советұлы үшін үлкен өмір мектебіне айналады. Ол сол білімін бүгінгі күнге дейін сарқымай, керісінше, уақыт өте еселей түсіп, шәкірттерінің бойына сіңіріп келе жатыр.

Қуаныш Советұлы еңбек жолын қатардағы мұғалімдіктен бастап, бүгінде Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры деңгейіне жетіп отыр. Айтуға жеңіл болғанымен, осы аралықта ұстаздықпен қатар 2007-2021 жылдарда кафедра меңгерушісі, Жоғары мектеп деканы қызметтерін де абыроймен атқарды. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша аймаққа ғана емес, республикамызға сапалы маман даярлау ісін басқарып, жүздеген, мыңдаған шәкірт тәрбиелеуде сол істің жілігін шағып, майын тамызды десек, қателеспейміз. Басшы бола жүріп қатардағы оқытушылардың ілгері дамуына, докторантураға түсуіне, ғылымда өз жолын табуына, кәсіби шыңдалуына түрткі болып, мүмкіндіктер жасап отырды. Оқытушыларға өзі үлгі бола жүріп, оларға талап қоя білетін, стратегиялық мақсаты айқын және сол мақсатқа жетуде табандылық танытатын, соны талап ете білетін қасиеттерін атамасқа болмас.

Қуаныш Советұлы қызмет ете жүріп, ұстаздық пен ғылым жолын тастаған емес. Болашақ ғалымды тіл білімі саласындағы қызығушылықтары ғылым жолына әкеледі. Алланың бұйрығы болар, жетекші ретінде ф.ғ.д., профессор Б.Сағындықұлы кездесіп, 2007 жылы «І.Кеңесбаевтың фонетикалық еңбектерінің ғылыми негізі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алғаннан кейін қазақ тіл білімінің зерттеушісі ретінде бірнеше ғылыми еңбекті дүниеге әкеледі. Аймақ мұғалімдері, ізденушілері мен студенттеріне ғана емес, республикамыз бойынша сұранысқа ие «Қазақ тілінің орфографиясы мен пунктуациясы» оқу құралының да орны ерекше. Сауатты жазу негіздерін үйрететін еңбекті жан жақтан хабарласып, іздеушілер саны да күннен күнге артуда. Ғалымның басқа тақырыптарда да ғылыми еңбектері жарық көріп келеді. «Кәсіби қазақ тілі (дене шынықтыру және спорт мамандығы) оқу құралы, «І.Кеңесбаев және қазақ тілінің дыбыс жүйесі» монографиясы, «Газет тақырыпаттарының прагматикалық қызметі» монографиясы, «Қазіргі қазақ тілі фонетикасы» оқу құралы, «Қазіргі қазақ тілінің дыбыс жүйесі» оқулығы, «Публицистикалық мақала атауларының прагматикалық қызметі» монографиясы, бірнеше электронды оқу құралы, тест жинақтары, жүзден аса мақаласы жарық көрді. Олар негізінен Комитет бекіткен тізімдегі журналдар мен Халықаралық рецензияланатын «Scopus», «Tomson Reuters» базаларындағы журналдарда жарияланып келеді. Тамшы жиналып көл болатыны тәріздес, ыждаҺаттылық пен қажырлы еңбек өз нәтижесін берері сөзсіз. Қуаныш Советұлы 2014 жылы “ЖОО-ның үздік оқытушысы”, 2018 жылы “Мемлекеттік ғылыми стипендия иегері” конкурстарын ұтып алса, әр жылдарда түрлі марапаттарға да ие болып келе жатқанының куәсі болып келеміз. Облыс әкімінің Алғыс хаты (2011); Облыс әкімінің Құрмет грамотасы (2013); ҚР БжҒМ Құрмет грамотасы (2016); ҚР БжҒ вице-министрінің Алғыс хаты (2018); «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі (2020); «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі (2025) көз майын тауысқан түндер мен ақ қағаз бен қаламды ермек еткен күндердегі қажырлы еңбектің жемісі десек, артық айтқандық емес.

Бүгінде жарты ғасырлық ғұмырды артқа тастап мерейлі жасқа келіп отырған Қуаныш Советұлы - бар болмысымен шәкірттеріне үлгі боларлық ұлағатты ұстаз, шығармашылық әлеуеті терең зерделі зерттеуші, кәсіби біліктілігі жоғары тіл жанашыры. Ақырын жүріп анық басқан әріптесімізге мықты денсаулық, шығармашылық жеміс, отбасылық бақыт тілейміз. Атын шығаратын, өзінен озатын шәкірттері көп болсын!