МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
03.02.2021
2021 жылғы 3 ақпанда «Павлодар педагогикалық университеті» КЕАҚ және Павлодар облысының білім беру басқармасы арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Меморандум мақсаты – педагогикалық білім беру саласындағы ғылыми зерттеулер, педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру және білім беру қызметкерлерінің саясатын әзірлеу мен жүзеге асыруда Тараптардың өзара іс-қимылы, сондай-ақ аталған салада келіссөз жүргізуші мекемелер арасында ынтымақтастықты дамыту және қолдау болып табылады.
Алдағы ынтымақтастықтың маңыздылығын белгілей отырып, Тараптар қазіргі заманғы мектеп талаптарына және ерекшеліктеріне жауап беретін педагогтерді дайындау, білім беру үрдісіне инновациялық ғылым жетістіктерін енгізу, педагогтердің біліктілігін арттыру және кәсіби қайта даярлау, білім беру және ғылым салаларындағы инновациялық қызметті бірлесіп жүзеге асыру, білім алушылардың кәсіптік практикасын ұйымдастыру сияқты бірқатар маңызды серіктестік қарым-қатынастарды орнатты.
Шара соңында Тараптар өкілдері – ППУ басқарма төрағасы – ректор Ж.Жилбаев және Павлодар облысының білім беру басқармасы басшысы Д. Болатханұлы ынтымақтастық туралы үш жылдық Меморандумға қол қойып, болашақта университет пен Басқарма арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ оқу-өндірістік процесті, ғылыми-зерттеу жұмыстарды жетілдіру және т.б өзекті мәселелерді шешуге байланысты өзара келісімге келді.
Бүгінде Павлодар педагогикалық университетінің оқу бітіруші түлектерінің басым көпшілігі өңіріміздің білім беру мекемелеріне мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, сұранысқа ие болған жас кадрлар университет қабырғасында алған білімдерін іс жүзінде дәлелдеп келеді. Осы орайда бүгінгі мүдделі ұйымдардың Меморандумы білім беру саласында ары қарай да ынтымақтастықты тереңдету және кеңейтуге бағытталған екі жаққа бірдей тиімді келісімшарт болып табылады.
ППУ Баспасөз қызметі