МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТТА ОҚЫҒАНДАР ҮШ ЖЫЛ ЖҰМЫС ІСТЕУ МІНДЕТТІ
03.05.2023
Павлодар облысы «Қаржы орталығы» АҚ мониторинг департаментінің мамандары Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің түлектерімен кездесті. Шараға Марғұлан университетінің академиялық мәселелері жөніндегі проректоры Ольга Андрющенко және департамент маманы Арман Темірбаев қатысып, бакалавриат, магистратура және докторантура бітірген түлектердің сұрақтарына жауап берді.
Кездесудің мақсаты - түлектерге жұмысты өтеу туралы ережелерді таныстыру. Әңгімеелсу барысында түлектер кемінде үш жылға дейін жұмыс істеу және қандай санаттағы адамдар одан босатылатыны туралы ақпарат берді.
Марғұлан университеті Мансап орталығының басшысы Майра Байтанаева жұмысты өтеу туралы ақпараттарды қайдан алуға болатынын түсіндіріп, 5 май күні бос орындар жәрмеңкесі өтетінін хабарлады.
-Университет түлектерінің соның ішінде мемлекеттік грант бойынша бітірген мамандардың үш жыл жұмыс істеп, грантқа бөлінген қаржыны өтеу туралы талаптар Білім беру заңының 47 бабымен бекітілген. Егер бұл ережеге бағынбаса оқуына бөлінген қаржыны қайтаруына тура келеді. Ал «Серпін» бағдарламасы бойынша бітірген түлектердің жұмысты өтеу мерзімі – 2 жыл. Биыл Марғұлан университетінде «Серпін» бойынша 60-тай түлек бітіреді. Олар тек белгіленген облыстарда ғана жұмыстарын өтейді, - дейді Мансап орталығының басшысы Майра Байтанаева.
Университеттің академиялық мәселелері жөніндегі проректоры Ольга Андрющенко түлектерді университет бітіруімен құттықтап, соңғы сынақтардың барлығын сәтті тапсырып, дипломдарын ойдағыдай қорғап шығуға тілектестік білдірді.