МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ БАЛАЛАРДЫ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚОЛДАУ ВЕБИНАРЫ
09.11.2023
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру жобасы аясында студенттер мен профессор-оқытушылар үшін онлайн оқыту вебинарлары өткізілді. Оқу инклюзивті білім беру жағдайында мүмкіндігі шектеулі балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету тақырыбында ұйымдастырылған (AР14870333 «Инклюзивті білім беру жағдайында мүмкіндігі шектеулі балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу үшін арнайы педагогтарды даярлау»).
Вебинарға PhD докторы, Марғұлан университеті педагогика жоғары мектебінің оқытушы-зерттеушісі А.Б. Дүзелбаева, PhD докторы, педагогика жоғары мектебінің доценті Д.С.Хамитова, оқытушы-сарапшы А.Е.Ахметова қатысты. Сондай-ақ, педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры З.А.Мовкебаева, PhD докторы, СҚМУ «Арнайы педагогика» білім беру бағдарламасының жетекшісі Б.А.Дюсенбаева, және Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің аға оқытушысы У.Ж.Құдайбергеновалар қатысып, баяндама жасады
Вебинар барысында педагогтарды мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеуге дайындау бойынша өзекті мәселелер, жазбаша тілі бұзылған балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің тәсілдері, ЖОО-да мүгедек студенттерді қашықтықтан оқыту технологиялары арқылы сүйемелдеу процесі, мүмкіндігі шектеулі балаларды сүйемелдеуде этнопедагогикалық компонентті қолдану, мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсету жүйесін дамыту перспективалары ұсынылды. Жалпы, вебинарға әр аймақтан 40-тан астам маман қатысты.
Вебинардың қорытындысында проблемалар мен оларды шешу жолдары анықталып, жалпы мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау үдерісін жақсарту бойынша ұсыныстар жасалды.