Перейти к содержимому страницы.

МЕКТЕП ТҮЛЕКТЕРІНЕ АРНАЛҒАН БІЛІМ КӨРМЕСІ

08.04.2025

Бүгін Марғұлан университеті мектеп түлектеріне арналған «BILIMDI KELESHEK - I» Халықаралық білім көрмесіне қатысты. Көрмеде Қазақстандық және шетелдік университеттер өздерінің білім беру бағдарламаларын таныстырды.
Кәсіптік бағдар беру бөлімінің әдіскері Аманбаева Айгүл Ерматқызы көрме барысында мектеп түлектеріне жоғары білім алу мүмкіндіктері, мамандық таңдау және оқу орнының ерекшеліктері туралы ақпарат берді. Ол жастардың болашақта өздерінің мансап жолдарын дұрыс таңдауларына көмектесу мақсатында түрлі семинарлар мен тренингтер өткізу жоспарлары туралы айтты.
Сонымен қатар, Педагогика жоғары мектебінің белсенді студент еріктілері көрмеге қатысушылармен тікелей байланыс орнатып, өз тәжірибелерімен бөлісіп, университеттің оқу бағдарламалары мен студенттік өмірі туралы ақпаратпен таныстырды. Олар түлектерге қызықты әрі пайдалы сұрақтарға жауап беріп, оқу орнында білім алудың артықшылықтарын атап өтті.
Көрме барысында жастардың қызығушылығын ояту, білім алу жолындағы таңдау жасауға көмектесу және болашақ мамандықтарына қатысты дұрыс шешім қабылдауға ықпал ету басты мақсат болды. Мұндай шаралар мектеп түлектерінің кәсіби бағыт-бағдарын анықтауға, сондай-ақ, еліміздің білім беру жүйесінің дамуына үлес қосуға бағытталған.