Перейти к содержимому страницы.

МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН АШЫҚ ЕСІК КҮНІ

06.01.2023

Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің «Ашық есік» күні жалғасуда. Open day жобасы бойынша жоғары сынып оқушыларын қабылдап, кәсіби кеңес беру шарасы кеше басталған болатын. Ұстаздар ордасының студенттерге жасалған мүмкіндіктерімен танысуға Павлодар қаласындағы №21, 25, 40 мектептердің, дарынды балаларға арналған облыстық көпсалалы лицей-интернатының оқушылары келді. Оның ішінде тарих, бастауыш сынып мұғалімі, химия-биология және ағылшын, орыс тілі мұғалімі мамандықтарын таңдаған балалар болды. Оқушыларды ППУ Қабылдау комиссиясының хатшысы Гүлнәр Мұсанова қарсы алып, университеттің ішкі құрылымымен таныстырып, материалдық-техникалық базасын көрсетті. Атап айтқанда бас корпустағы зертхананы, мұражайды тамашалады.

- Қазіргі оқушылардың мамандықты дұрыс таңдап, сәтті қадам жасауына барлық жағдай жасалған. Яғни, тек ата-аналар ғана емес, жан-жақтан бағыт-бағдар берілуде. Бұрынғы кезде оқушыларды университетке алып келіп аралатып, көрсету деген болған жоқ. Ал қазіргі таңда университет басшылары оған мүмкіндік берді. Біз оқушыларды міндеттемейміз. Басты мақсатымыз – өзімізде жасалған мүмкіндіктерді көрсету. Ал дипломды Алматыдан алдың ба, Павлодардан алдың ба? Ол маңызды емес. Маңыздысы алған білімінде. Егер білім саласын таңдаған оқушылар болса Павлодар педагогикалық университеті сапалы білім беруге әрдайым әзір екенін еске саламыз - деді Гүлнәр Манапқызы.

Оқушылармен кездесу барысында университеттің әрбір жоғары мектебінің декандары мен білім беру бағдарлама жетекшілері оқытылатын мамандықтар туралы мағлұмат берді.

- Павлодар педагогикалық университетінің ашық есік күні шарасына 10, 11 сынып оқушылары келді. Олардың қатарында педагогикалық бағыттағы мамандықтарды таңдаған оқушылар бар. Олар университетте қандай мамандықтар оқытылатыны туралы көп ақпарат алды. Университет ұжымына алғыс білдіремін, - деді дарынды балаларға арналған облыстық көпсалалы лицей-интернатының мұғалімі Айнагүл Оспанова.