Перейти к содержимому страницы.

МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫМЕН «МЕНІҢ ТАҢДАУЫМ» ДИАЛОГТЫҚ ПЛАТФОРМАСЫ

13.12.2022

Бүгін Павлодар қаласының Жастар бастамаларын дамыту орталығында «Менің таңдауым» диалогтық алаңы өтіп, оған қала мектептерінің түлектері шақырылды.

Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің өкілдері Педагогика жоғары мектебінің оқытушысы Матаев Берік Айтбайұлы және Кәсіптік бағдар беру бөлімінің меңгерушісі Мусанова Гүлнар Манапқызы студенттер әкімшілігінің белсенділерімен бірлесіп мектеп оқушыларын университеттің тыныс-тіршілігімен, оқу мүмкіндіктерімен таныстырды.

Оқушыларға Павлодар педагогикалық университетінде оқытылатын негізгі мамандықтар мен білім ошағында студенттерге жасалған жағдай туралы айтылды. Балалар жұмысқа орналасу перспективаларымен және оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мүмкіндіктерімен таныстырылды.

Кездесу барысында Жастар бастамаларын қолдау орталығының қызметкерлері облыстағы оқу орындары туралы «Qadam” атты кітап-анықтамалығын ұсынды. «Бұл кітап талапкерлерге, олардың мұғалімдеріне және ата-аналарына өте қажет. Кітапта барлық оқу орындары: Павлодар қаласындағы үш университет және барлық колледждер туралы барлық қажетті ақпарат берілген. Онда мамандықтар, оқу нысандары, мерзімдері мен құны туралы ақпаратты, мекен-жайын, телефондарын білуге болады», - деді Гүлнар Мұсанова.

Мектеп оқушылары спикерлерге көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.