Перейти к содержимому страницы.

МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ АЛҒАШҚЫ ҰБТ-НЫ СӘТТІ ТАПСЫРУДА

31.01.2023

Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ректоры Жанбол Жилбаевтың төрағалығымен ҰБТ ұйымдастыру жөніндегі өңірлік мемлекеттік комиссияның жұмысы аяқталды. Өңірлік комиссия 20-31 қаңтар аралығында ҰБТ өткізу пунктінің ғимаратында тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастырды. Онда медициналық персоналдар мен психологтар тарапынан ерекше қажеттіліктері бар балаларға жәрдем көрсетілді.

Медицина қызметкерлері Г.Н.Бутейко, К.С.Мағзұмова және психолог А.К.Қалышпекова барлық күндері ҰБТ өткізу пунктінде кезекшілік жүргізді. Олардың айтуынша, осы кезеңде оқушылар тарапынан аса маңызды мәселелер туындаған жоқ.
Айта кету керек, бұл биылғы мектеп түлектерінің алғашқы ҰБТ тапсыру рәсімі. Осы арқылы олар өздеріне тәжірибе жинап, алдағы негізгі тестілеуге дайындықтарын пысықтады. Мамандар тарапынан тестілеу кезінде олардың құқықтары мен міндеттері түсіндірілді. Айта кету керек, тыйым салынған заттарды алып өту фактілері анықталған жоқ.

Еске салар болсақ, ақылы негізде оқуға түсуге арналған ҰБТ 2023 жылдың 10 қаңтарында басталып, 10 ақпанына дейін жалғасатын болады.

Тестілеуге жеке басын куәландыратын құжатпен кіргізеді (жеке куәлік немесе паспорт). Тестілеу кезінде калькулятор, Менделеев және тұздар ерігіштігі кестелері барлық талапкер үшін компьютер экрандарында қолжетімді болады. Сондай-ақ ҰБТ қатысушыларына өздерімен қалам, су және шоколад алып келуге рұқсат етіледі.