МАРҒҰЛАН ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР
29.12.2020
ППУ-дың жаңа басқарма төрағасы – ректор Жанбол Жилбаев университеттің құрылымдық бөлімдерімен: жоғары мектептер, департаменттер, орталықтардың жұмыстарымен танысып, есептік кездесулер өткізуде. Бүгін өзінің жұмыс сапарында Ж.Жилбаев ППУ-дың «Margulan centre» өңірлік ғылыми-археологиялық орталығы мен Сұлтанбет сұлтан кешенін аралады. «Margulan centre» директоры Тимур Смагулов университет басшылығын орталық жұмысымен таныстырып, небір өзекті мәселелерді көтерді. Атап өтсек, Марғұлан орталығын коммерциализациялау, орталық ішінде мектеп оқушылары мен келушілер үшін тұрақты экскурсиялар өткізу, «Margulan centre» базасы негізінде ғылыми-зерттеу орталықтарын көтеру, ихтиология бағытында су асты зерттеулерін жүргізу (дайвинг), туризмді дамыту сияқты бірқатар сұрақтар талқыланды.
«Margulan centre» өңірлік ғылыми-археологиялық орталығы 2017 жылы ашылған. Орталықтың негізгі мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын зерттеу және оны насихаттау. Марғұлан орталығында тарих, археология, этнология, өлкетану және туризм бағыттары бойынша бес ғылыми зертхана жұмыс істейді. Олар: археологиялық реставрациялау, қашықтықтан зондтау технологиясы бар құрылыстық-тәжірибелік археология орталығы, «Археотур», «Сакралды география» және «Рухани жаңғыру» орталығы. «Margulan centre» жүзеге асырған жобаларының ішінде қимақ дәуіріне жататын «Алтын төбе», «Әулиекөл» ескерткіштерінің археологиялық қазба жұмыстарын айтуға болады. Биылғы маусымда Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданындағы Қызылоба шатқалынан көне жәдігерлер табылды. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген жұмыстар атқарылуда. Облыстың сакралды объектілері бірізділікке келтіріліп, тарихи-этнографиялық және археологиялық экспедициялар ұйымдастырылды.
Орталық Павлодар қаласының тарихи көшелері түйіскен жерде орналасқан. Бүгінде Марғұлан орталығының қызметкерлері төл тарихымызды зерттеуде археологиялық қазба жұмыстарына қатысып, осы бағытта тың жаңалықтар ашу жолында игілікті жұмыстар атқаруда.