МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ ТҮРКИЯДА ӨТКЕН III ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АПТАЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ
27.10.2023
Түркияның Токат қаласындағы Газиосманпаша университетінде Еуро одақтың Erasmus бағдарламасы аясында университет оқытушыларының III халықаралық апталығы өтті. Оған әртүрлі елдердің ЖОО өкілдері жиналды. Түркия, Малайзия, Индонезия, Марокко, Уганда, Сенегал, Таиланд, Бангладеш, Ресей, Украина, Әзірбайжан, Тунис, Косово және Қазақстаннан профессорлар мен оқытушылар барып, өздерінің университеттері мен кафедралары туралы баяндама жасады және университеттер орналасқан қалалар туралы айтты.
Газиосманпаша университеті халықаралық апталыққа қатысушы ғалымдарды университеттің барлық факультеттерімен, құрылымдық бөлімшелерімен және технопаркімен таныстырды. Сондай-ақ, ортақ тақырыптағы мәселелер бойынша білім және тәжірибе алмасты.
Халықаралық апталыққа Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің өкілдері де шақырылды. Біздің ЖОО-нан «Шетел тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасының жетекшісі Әлия Жолдабаева арнайы барып, бір апта ішінде студенттер үшін бірнеше семинар өткізді. Сонымен қатар түркиялық әріптестерімен магистратура бағыты бойынша қос дипломды бағдарлама мәселесін талқылады.
«Әртүрлі университеттер өкілдерінің халықаралық апталығы сияқты іс-шараларға қатысу мүмкіндігі бұйырғаны үшін қуаныштымыз. Бізге тек өз еліміз бен университетімізді таныстырып қана қоймай, сонымен қатар шетелдік университеттермен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді», - дейді Әлия Сәдуқызы.
Бүгінгі таңда Марғұлан Университетінің «Шетел тілі: екі шет тілі» ББ және Газиосманпаша университетінің шет тілдері кафедрасы магистратура бағытында бірлескен қос дипломдық бағдарлама әзірлеу үстінде.