Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАЛДЫ

12.07.2023

Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің түлектеріне диплом тапсыру рәсімі өтті. Білім ошағында 800-ге жуық түлек ұстаздық біліктілігін растайтын дипломға ие болды.

Марғұлан университетінің ректоры Жанбол Жилбаев құттықтау сөзінде ұстаз мамандығы жер бетіндегі ең қиын, ең асыл мамандықтардың бірі екенін атап өтті. «Ұстаз болу – үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық, өйткені еліміздің басты капиталын құрайтын, жас ұрпақты оқытып, тәрбиелейтін – ұстаздар. Білімнің болашағы, демек, еліміздің болашағы сендер екендеріңді ұмытпаңдар! Қай жерде жұмыс істесеңіздер де, Марғұлан университетінің түлегі атын абыроймен алып жүріңіздер, сіздерге өмірде бақыт берген оқу орны мен ұстаздарыңды ұмытпаңыздар, – деді Жанбол Октябрьұлы.
Марғұлан университетінің үздік түлектерінің бірі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы түлектерді шын жүректен құттықтап, жастардың алдағы өміріне және кәсіби қызметіне сәттілік тіледі.

Ол облысымыз үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін жоғары білікті педагогтар даярлайтын Павлодар педагогикалық университетінің ел болашағына қосып келе жатқан үлесі зор екенін айтты.

"Құрметті жас достар, сіздер бүгін қолдарыңа алып отырған жәй ғана емес, ерекше диплом. «Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деп біздің ұлы бабаларымыз ұстаздың ұрпақ алдындағы міндетін айрықша айқындап айтқан. Сіздердің алған дипломдарыңыз - ұлт болашағының аманатын арқалаған аса маңызды құжат, үлкен өмірге жолдама. Сіздерге Тәуелсіз Қазақстанның білім саласының дамуына орасан зор үлес қосқан ардагер ұстаздардың жолын берсін деп тілеймін!", - деді Жарқынбек Амантайұлы.

Жас ұстаздарға жылы лебізін Павлодар облысы білім беру саласының ардагері Бақыт Бексейітова жеткізді. Университет түлектерін Марғұлан университетінің проректорлары Ольга Андрющенко, Бауыржан Әбуов, Серік Ілиясов құттықтады.

Биылғы жылы университет түлектерінің арасында пара-атлетика және триатлон бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері, арбамен жарысудан Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) марафонының жеңімпазы Лим Оксана бар. Оның арманы – кәсіби қызметінде ерекше қажеттіліктері бар спортшыларға қолдау көрсету, өз үлгісімен рухы мықты жас чемпиондарды тәрбиелеу. «Мен психология бойынша бакалавр дәрежесін алып, мүмкіндігі шектеулі спортшылармен спорт психологы болып жұмыс істеуді жоспарлап отырмын», - дейді ол.

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті 40 мыңнан астам білікті маман даярлап, еліміздегі үздік педагогикалық жоғары оқу орындарының біріне айналды. Бүгінгі таңда білім беру қызметтері нарығында ол өзін барлық заманауи тенденцияларға сай тұрақты және дамып келе жатқан жоғары оқу орны ретінде көрсетті.