Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҮЛЕГІ «БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ СТИПЕНДИЯСЫНА ИЕ БОЛДЫ

04.09.2026

Марғұлан университетінің түлегі халықаралық «Болашақ» бағдарламасының стипендиясына ие болып, Ұлыбританияда білімін жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Биыл ол университеттің «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасы бойынша оқуын үздік дипломмен аяқтады.

21 қыркүйектен бастап түлегіміз Ұлыбританиядағы Лидс университетінде MA Education магистрлік бағдарламасы бойынша білім алады. Бір жылға созылатын оқу бағдарламасы білім беру саласындағы кәсіби білімі мен тәжірибесін тереңдетуге бағытталған.

Педагогика саласын таңдау ол үшін кездейсоқ шешім емес. Түлегіміз педагогтер әулетінде тәрбиеленген: әжесі мен анасы ұстаздық жолды таңдаған. Сондықтан болашақ маман мектеп қабырғасынан бастап өз кәсіби бағытын білім беру саласымен байланыстырған. Кәсіби спорттағы жолын аяқтағаннан кейін де ол педагогика саласында дамуды мақсат етіп, өзінің болашақ қызметін осы бағытпен ұштастыруға шешім қабылдады.

Университетте білім алған жылдары ол тек академиялық тұрғыдан ғана емес, қоғамдық және спорттық бағытта да белсенді болды. Үшінші курста Марғұлан университетінің қолдауымен академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Түркияның Чанаккале қаласында бір семестр білім алды. Сонымен қатар республикалық және студенттік жарыстарда университет намысын қорғап, жүлделі орындарға ие болды.

Түлегіміз оқу барысында мемлекеттік грант негізінде білім алып, жоғары академиялық нәтижелері үшін жоғарылатылған шәкіртақыға ие болды. Төрт жыл бойы шетелде магистратурада оқу мақсатына жүйелі түрде дайындалып, ағылшын тілін меңгеріп, IELTS халықаралық емтиханынан 7.5 балл жинады.

Оның айтуынша, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алу – бала кезден бергі арманының бірі. Сонымен қатар ол Қазақстандағы магистратураға түсу мүмкіндігін де қарастырғанымен, халықаралық бағдарлама арқылы білім алу мақсатына басымдық берген.

Шетелде алған білімін түлегіміз елге оралған соң Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға бағыттауды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта жоғары білім беру саласында еңбек етіп, отандық білім беру жүйесінің одан әрі жетілуіне өз үлесін қосуды мақсат етеді.

«Мен міндетті түрде Қазақстанға оралып, Ұлыбританияда алған білімім мен тәжірибемді өз елімде қолданғым келеді. Болашақта жоғары білім беру саласында еңбек етіп, білім беру жүйесінің дамуына үлес қосу – менің басты мақсаттарымның бірі», – дейді Марғұлан университетінің түлегі.