МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІ ТӘЖІКСТАННЫҢ ЕКІ УНИВЕРСИТЕТІМЕН КЕЛІСІМ ЖАСАДЫ
13.09.2023
Бүгін Тәжікстан астанасы Душанбе қаласындағы Тәжік ұлттық университетінің қабырғасында Орталық Азия елдері жоғары оқу орындары ректорларының ІІ форумының пленарлық отырысы өтті. Іс-шара Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының 5-ші Консультативтік кездесуі аясында ұйымдастырылды. Форум жұмысына Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Тәжікстан Республикасының Білім және ғылым министрі Саидзода Рахим Хамро, Түрікменстанның Білім министрі Гурбангүл Атаева, Өзбекстан Республикасы Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрінің орынбасары Сарвархон Бузуркхонов, сондай-ақ Орталық Азия елдері жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты. Форумның пленарлық отырысында сөз сөйлеген министр Саясат Нұрбек Қазақстанда жоғары білім мен ғылымды дамытудың негізгі басымдықтары, оның ішінде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы айтты. Сондай-ақ, ол өңір мемлекеттерінде қазақстандық жоғары оқу орындары мен озық мектептердің филиалдарын құруға дайын екенін білдірді.
Ауқымды шараға Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев, университеттінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Серік Ильясов қатысуда.
Форум барысында бірқатар қазақстандық жоғары оқу орындары тәжікстандық жоғары оқу орындарымен келісім жасады. Соның ішінде Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ректоры Тәжік ұлттық университетімен және Садриддина Айниатындағы Тәжікстан мемлекеттік педагогикалық университеті басшыларымен ынтымақтастық меморандумға қол қойды.
Осы серіктестік негізінде тараптардың бірінің өтініші бойынша білім беру бағдарламаларына, әкімшілік және академиялық жоспарлауға қатысты ақпарат алмасу, оқу-әдістемелік материалдармен және ғылыми әдебиеттермен алмасу, профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлердің конференцияларға, семинарларға өзара қатысуы, белгілі бір уақыт аралығында дәрістер циклдарын өткізу және басқа да бағыттар бойынша бірлескен жұмыстар жүргізілмек.