МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ КОМАНДАСЫ ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ЛИГАСЫНАН ЕКІНШІ ОРЫН ИЕЛЕНДІ
03.05.2023
Павлодар қаласындағы "Шахмат үйінде" тоғызқұмалақтан студенттер арасында спорттық лигасы аяқталды. Жарыс Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен өтті. Марапаттау рәсіміне тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Жарқын Ғабдолов қатысып, жеңімпаздарды құттықтады.
Жарысқа алты ерлер командасы, жеті қыздар командасы қатысты. Барлығы 50-ге жуық студент бақ сынады.
Жарыс қорытындысы бойынша ұлдар арасындағы командалық есепте Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің командасы жеңіске жетті. Екінші орын Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде. Үшінші орынды Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері еншілеп қайтты.
Ал қыздар арасында командалық есеп бойынша Гумилев атындағы ЕҰУ командасы жеңімпаз атанса, екінші орын Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетіне бұйырды. Үшінші орын тағы Жұбанов атындағы өңірлік университетінде.
Марғұлан университеті өнер және спорт жоғары мектебінің оқытушысы, команда жетекшісі Медет Сырлыбаевтың айтуынша, біздің оқу орынның намысын алты студент қорғады. Олар – тоғызқұмалақтан әлем чемпионы Жәмила Баилдяшева, әлем чемпионатының жүлдегері Аружан Абдыханова, Қазақстан чемпионы Ерасыл Әутәліпов, спорт шеберлігіне үміткерлері Аяулым Серікова, Жанбек Арыстанбек, Қанат Асылхан.
- Біз Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің намысын арқалап келіп, жақсы нәтижемен қайтып барамыз. Командалық есеп бойынша ұлдар және қыздар командасы да үшінші орынға ие болды. Жекелей есеп бойынша екі алтын және үш қола медаліміз бар. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Ендігі мақсатымыз – Ақтауда өтетін универсиадаға қатысып, жоғары нәтиже көрсету. Жалпы, Ақтөбе облысы 2022 жылы тоғызқұмалақ бойынша ең үздік облыс атанған. Міне, осы тұғырдан түспеуіміз керек - дейді Ақтөбе командасының жетекшісі Азамат Қайдаров.