Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМДАРЫ МАЛАЙЗИЯДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТТЫ

18.12.2025

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ғалымдар командасы Малайзияға жасаған жұмыс сапарын сәтті аяқтады. BR28712263 «Қазақстанның дарынды балаларын дамытуға арналған кадрларды даярлаудың кешенді ғылыми-инновациялық жүйесін құру» жобасы аясында делегация Curtin University университетіне барып, заманауи ғылыми әдістемелер бойынша білім алып, арнайы семинарларға қатысты. Бұл сапар университеттің халықаралық ынтымақтастығын кеңейту мен ғылыми-педагогикалық құрамның біліктілігін арттыру жолындағы маңызды қадам болды.

Бағдарлама барысында Марғұлан университетінің өкілдері нейроалуандылық бойынша 80 сағаттық біліктілікті арттыру курсынан өтті. Аталған курс когнитивтік зерттеулер жүргізуге және дарындылықты дамытуға бағытталған білім беру бағдарламаларын әзірлеуге арналды. Оқу барысында мамандар аутизм, СДВГ, дислексия және басқа да даму ерекшеліктері бар адамдарды білім беру және кәсіби ортаға кіріктіру мәселелерін, сондай-ақ инклюзивті ортаны қалыптастырудың әлемдік озық тәжірибелерін қарастырды.

Сапардың екінші маңызды бөлігі библиометрия бойынша курстан өту болды. Бұл бағыт ғылыми жарияланымдарды, дәйексөзделуді және ғылыми өнімділікті сандық тұрғыдан талдауға мүмкіндік береді. Қатысушылар ғылыми жарияланымдардың сапасы мен ықпалын бағалау, Scopus және Web of Science сияқты ірі халықаралық дерекқорлармен жұмыс істеу, ғылыми-зерттеу қызметін стратегиялық жоспарлау бойынша заманауи құралдар мен әдістерді меңгерді.

Сонымен қатар Марғұлан университетінің делегациясы 3–5 желтоқсан аралығында өткен «From Evidence to Legacy: Transforming Research into Sustainable Action» атты халықаралық конференцияға қатысты. Аталған ғылыми форумға әлемнің 55 елінен зерттеушілер жиналды.

Сапар қорытындысы бойынша Марғұлан университеті мен Curtin University арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат академиялық алмасуды дамыту, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру және қос диплом бағдарламаларын іске қосуды көздейді.