МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНЕ ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ АЛТЫНБЕК НУХҰЛЫ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ
26.12.2025
Сапар барысында сенатор университеттің инфрақұрылымымен танысып, жаңа және ғылыми зертханаларды, сондай-ақ жаңартылған оқу аудиторияларын аралап көрді. Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі ретінде білім беру мен ғылым саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына тоқталды.
Ұжым алдында сөйлеген сөзінде Алтынбек Нухұлы өзінің кәсіби қалыптасуы мен кейінгі жетістіктері, соның ішінде Сенат депутаты ретіндегі қызметі де, көп жағдайда педагогикалық университет ұжымының қолдауы мен осы жерде жүзеге асырылған әлеуметтік-мәдени бастамалардың арқасында мүмкін болғанын айтты.
Университет ректоры Ержан Әмірбекұлы Алтынбек Нухұлын “Ұлт руханиятының шырақшысы” деп атап, оның университет тарихындағы ерекше рөлін атап өтті. Ол дәл осы кісінің басшылығы кезінде «Ертіс-Баян өңірінің 100 тарихи тұлғасы» атты бірегей жоба жүзеге асқанын еске салды.
Қонақтың құрметіне профессорлар Зифа Темірғазина, Бахтияр Найманов, Сейфитден Сүтжанов және Бекен Сағындықұлы өз тараптарынан жылы лебіздер мен шынайы алғыстарын білдірді.
Сапардың қорытындысы ретінде сенатор университеттің белсенді студенттерімен ашық диалог форматында кездесу өткізді. Кездесу барысында студенттік өмірдің өзекті мәселелері, білім беруді дамыту және жастардың кәсіби қалыптасуы жайлы маңызды сұрақтар талқыланды.








