Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНЕ МӘЖІЛІС ЖӘНЕ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ КЕЛДІ

05.01.2024

Марғұлан университетіне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантай, облыстық мәслихат депутаты Айдар Құрымбаев, «AMANAT» партиясы қалалық филиалының төрағасы Сүлеймен Сыздықов, «Жастар рухы» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Бәкіжан Кәкім келіп, студенттермен кездесті. Кездесуге Марғұлан университеті ректорының міндетін атқарушы Жанбол Жилбаев қатысып, оқу ордасына ат басын бұрған меймандарға алғыс білдірді.

-Мәжіліс депутаттары жылына екі рет ел арасына шығып, кездесулер өткізеді. Осы жолғы сапарымызда өзім білім алып, түлеп ұшқан Ертіс-Баян өңірінің ұстаздар ордасы- Марғұлан университетіне арнайы ат басын бұрып отырмын. Осы қара шаңырақтың табалдырығын аттап, студент жастарын көргенде осыдан оншақты жыл бұрынғы өзімнің студентік шағым елестеді. Марғұлан университетінің білім беру базасы өте жоғары, мұнда ел Тәуелсіздігінің нығаюына үлес қосқан үлкен азаматтар білім алды. Сіздердің араларыңыздан да болашақта ел тізгінін ұстар мықты азаматтардың шығатынына сенімдімін, - деді Жарқынбек Амантайұлы.

Сонымен қатар, кездесу барысында ҚР Парламенті мәжілісі депутаттарының жұмысына және Мәжіліс қабырғасында әзірленіп жатқан заң жобаларына тоқталды.

-Біз қабылдап жатқан заңдардың дұрыс және сауатты болуы халыққа тікелей әсер етеді. Яғни, кез-келген заң болашақта халық үшін жұмыс істеуі керек. Өткен жылы Ата заңға өзгеріс енгізіліп, көптеген түйткілді мәселелер шешімін тапты. Қазіргі таңда Қазақстанның бүкіл жерасты байлығына қатысты, яғни инвесторлармен жасалатын келісімшарттардың 50 пайыздан жоғарғысы Қазақстанның үлесінде болуы керек. Міне, осындай маңызды заң жақында қабылданатын болады, - деді Мәжіліс депутаты.

Іс-шара барысында студенттер де өздерін толғандырған отбаслыық зорлық-зомбылық, сот жүйесі туралы сұрақтарын жолдап, толымды жауап алды.