Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

05.12.2022

Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде оқу орынның 60 жылдығына арналған «Қазіргі жағдайдағы Қазақстанның педагогикалық білімін жаңғырту: теориялық және қолданбалы негіздері» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті. Конференция шымылдығын университеттің басқарма төрағасы – ректор Жанбол Жилбаев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық Ғылым академиясының мерейтойлық сессиясында «ғылыми жаңалықтардың коммерциялық тиімділігін арттыру және ғылымды басқару жүйесін жетілдіру басты назарда» болатынын ерекше атап өтті. Университет ғылымының ішінде педагогикалық білім берудің шешілмеген проблемалары мен ашылмаған ғылыми жаңалықтары өте көп. Бүгін біз отандық және шетелдік ғалымдармен бірлесе отырып, осы мәселелерді талқылаймыз. Бүгінгі ғылыми-практикалық конференция аясында еліміздің дамуына аса қажетті, зерделі ойларыңызды ортаға салатындарыңызға кәміл сенемін, - деді Жанбол Октябрьұлы.

Содан кейін «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ төрғасы Айгүл Мұқашева университет ұжымын мерейтоймен құттықтады. Осы күндері университеттің 60 жылдығына арналған мерейтойлық шараға бірнеше мемлекеттегі серіктес университеттерден мамандар келген болатын. Солардың бірі – Түркияның Tokat Gaziosmanpaşa университетінің профессоры, Әлеуметтік зерттеулер кафедрасының меңгерушісі Ömer Faruk Sönmez болатын. Ол «Түрік білім беру жүйесі» тақырыбында баяндама жасады. Орал Ресей федерациясы Уралск мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Людмила Моисеева «Тәлімгерлік педагогтардың кәсіби білімін дамыту әдістемесі ретінде» тақырыбында, Латвия республикасы Рига техникалық университеті Бизнес-инженерлік және менеджмент институтының директоры, профессор Денис Щеуловс «Қазіргі оқыту мен тәрбиелеудегі проблемалар» тақырыбына, Өзбекстан

республикасы Қоқан мемлекеттік педагогикалық институтының халықаралық байланыстар бөлімінің бастығы Ахмад Нажмеддинов «Өзбек және қазақ халықтарының білім, мәдениет және ғылым саласындағы ынтымақтастығын дамыту» тақырыбында, АҚШ «Фулбрайт» бағдарламасы бойынша ағылшын тілінің оқытушысы Эмели Рен «АҚШ пен Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесін қысқаша салыстыру» тақырыбына арналған баяндама жасады. Сондай-ақ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабулдинов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Алпысбес Мақсат Алпысбесұлы, Павлодар педагогикалық университетінің Жоғары гуманитарлық ғылымдар мектебінің филология ғылымдарының докторы, профессоры Зифа Темірғазина сынды жергілікті ғалымдар да өз зерттеулерін ортаға салды.