Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ТАСБОЛАТ ШАЯХМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ДӘРІСХАНА АШЫЛДЫ

05.06.2026

Margulan University-де белгілі ғалым, педагог, Павлодар педагогикалық институтының ректоры болған Тасболат Шаяхметов атындағы дәрісхананың салтанатты ашылуы өтті.

Университет ректоры Ержан Әмірбекұлы Тасболат Қасенұлының оқу орны тарихындағы ерекше рөлін атап өтіп, оның институтты басқарған жылдары отандық педагогика ғылымының дамуына, білікті кадрлар даярлауға және өңірдегі жоғары білімнің беделін арттыруға зор үлес қосқанын жеткізді.

Салтанатты рәсімге Тасболат Шаяхметовтің туған-туыстары, әріптестері мен шәкірттері, сондай-ақ өңірдің ғылыми қауымдастығы мен қоғамдық өкілдері қатысты. Құрметті қонақтарға символдық лентаны қию мәртебесі Павлодар облысы Журналистер кеңесінің төрағасы Болат Аманбай мен Торайғыров университетінің профессоры Серік Елікбайға берілді.

Іс-шара барысында Тасболат Қасенұлының жұбайы Гүлбарам Наурызбаева сөз сөйлеп, университет басшылығына ғалымның есімін ұлықтап, оның ғылыми-педагогикалық мұрасын сақтауға көрсеткен құрметі үшін алғыс білдірді. Қонақтар өз естеліктерімен бөлісіп, оның жоғары кәсібилігін, тұлғалық биігін және білім мен ғылымға адалдығын ерекше атап өтті.