МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНА АРНАЛҒАН "BIR TOLKYNDA" ДИАЛОГТЫҚ АЛАҢЫ ӨТТІ
06.09.2023
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде "BIR TOLKYNDA" Диалогтық алаңы өтті. Оған Марғұлан университетінің академиялық мәселелер бойынша проректоры Ольга Андрюшенко, облыстық мәслихаттың депутаты Айдар Құрымбаев, Борис Поломарчук, облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығы директорының міндетін атқарушы Ризат Рахымжанов қатысты. Мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауын түсіндіру және олармен бірге талқылау.
- Мемлекет басшысының биылғы жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттыруға бағытталған көптеген маңызды мәселелер көтеріліп, ұсыныстар айтылды. Осыны жастар аудиториясына жеткізу керек. Соңғы уақытта көптеген өзгерістер орын алып, жаңа министрліктер құрылып жатыр. Жолдауда Мемлекет басшысы көтерген мәселелердің бірі - криетивті экономика саласы. Президент Жолдауында "Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек деді. Себебі, Экономиканы өркендетуге және халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін бағыттардың бірі - медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру, ақпараттық технология салаларын қамтитын креативті индустрия, - деді Айдар Құрымбаев.
Студент жастар атынан Марғұлан университеті студенттік парламентінің президенті Аян Даулетияров сөз алып, Президент Жолдауының басым бағыттары туралы ойымен бөлісті.
Жолдауда білім-ғылым саласын дамытуға қатысты көп мәселе көтерілген. Яғни, педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданатынын және ұстаздардың құзырет аясы айқындалатынын атап өтті.
- Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет. Жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескерсек, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту маңызды, - деді Мемлекет басшысы.