Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАС ҒАЛЫМ-ПЕДАГОГТАРҒА АРНАЛҒАН ДИАЛОГТЫҚ АЛАҢ ӨТТІ

19.04.2023

Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде «Жас ғалымдардың ғылымы мен инновациясы: коммерцияландырудың практикалық мәселелері» атты аймақтық жастар диалогтық алаңы өтіп жатыр.
 
Жиынды Марғұлан университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдин ашып, қолданбалы ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың экожүйесін дамыту маңыздылығын атап өтті.
 
«Бүгінгі алаң жаңа идеяларды генерациялау және талқылау үшін әртүрлі университеттердің жас ғалымдарын біріктірді. Ғылыми ізденіспен айналысатын әрбір жас ғалым жаңа инновациялық технологияларды игеруге, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс жағдайын жақсартуға өз үлесін қоса алатынына сенімдімін. Жиынға қатысушылардың барлығына сәттілік тілеймін!», - деді Бауыржан Сатыбалдыұлы.
 
Диалог алаңы жастардың инновациялық белсенділігін ынталандыруға, ғылыми қоғамдастық пен бизнестің ынтымақтастығын, жастардың ғылыми ой саласындағы жетістіктерін дамытуға, озық тәжірибелерді, ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобаларды таратуға бағытталған.
Алғашқы баяндаманы Қазақстан Республикасы "Жас ғалымдар кеңесінің" төрағасы Еламан Айбулдинов жасады. Баяндама барысында ол жастарды қолдау және өзін-өзі дамыту, оның ішінде университеттің ғылыми қызметін жетілдіру және жас ғылыми кадрлармен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды.
 
«Ғылым қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әлия Сембаева қордың жұмысы туралы және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бағдарламасымен таныстырды.
Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мүбарак Жакупов пен «NEET» жастар орталығының жетекшісі Жандарбек Қабдраш жас ғалымдардың Start up жобаларын қолдау туралы айтты.
 
Павлодар облысы білім басқармасына қарастыы білім беруді дамытудың инновациялық орталығы әдіскері Роза Сүлейман жаңғырту жағдайында инновациялық үдерістерді әдістемелік қамтамасыз ету және қолдау туралы баяндама жасады.
«Болашақ» бағдарламасы туралы мотивациялық баяндаманы PhD докторы, Химия және технология университетінде ғылыми тағылымдамадан өтуге қатысушы Ақкенже Омарова жасады.
 
Кездесу соңында қатысушылар мазмұнды іс-шара үшін ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, алдағы уақытта да ынтымақтастықта жұмыс жүргізуге дайын екенін білдірді.