МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАС АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ
31.10.2023
Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдық мерейтойына арналған «Жасымнан үйір болдым өлең сөзге» атты жас ақындар айтысы өтті. Айтысқа өңіріміздегі ЖОО студенттері мен мектеп оқушылар қатысты.
Марғұлан университетінен « Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының студенттері Бексұлтан Қайдаров, Рамазан Дәуренбекұлы, Нұрсерік Тәуекелов «Шет тілдері» білім беру бағдарламасының студенті Мағзұм Имантай сынды жас ақындар бақ сынап, университет намысын абыроймен қорғады. Сонымен қатар, Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған обыстық қазақ-гимназия интернатының оқушылары Мейіржан Баршынбай, Ибрахим Қазбек, Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебінің оқушылары Мәуіт Нұрақмет және Жансерік Совет сынды жас таланттар қонаққа келіп, сөз аламанын қыздырды. Айтыстың алғашқы бөлімінде төрт жұп өнер көрсетсе, екінші бөлімінде финалға жолдама алған төрт ақын екі жұп болып айтысты. Айтысқа Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айбек Оралхан, көптеген республикалық ақындар айтысының жүлдегері Абзал Қабдраш және жас ақын Нұрбек Бәкір төрелік етіп, әділ бағасын берді.
Айтыс қорытындысына келсе, бас жүлдені Марғұлан университетінің атынан шыққан Бексұлтан Қайдаров жеңіп алды. Бірінші орын Ы.Алтынсарин атындағы облыстық қазақ гимназиясының 9-сынып оқушысы Мейіржан Баршынбайға бұйырды. Ал екінші және үшінші орындар Марғұлан университетінің студенттері Нұрсерік Тәуекелов пен Рамазан Дәуренбекке берілді. Сондай-ақ, Баянауылдан келген ең жас ақын Жансерік Совет «Көрермен көзайымы» номинациясымен марапатталды.
- Марғұлан университетінің сахнасы мен үшін өте ыстық. Кезінде өзіміз де студент жүріп, осы сахнаға шығып, өнер додаларына қатыстық. Бүгінгі айтысқа өздеріңіз куә болдыңыздар. Ақындар өз әлінше шапты. Дегенмен олқы тұстары да болды. Ақындар оны алдағы уақытта ескереді деп сенеміз. Қазір Марғұлан университетінен де мықты ақындар шығып, небір үлкен додаларда жарқырап өнер көрсетуде. Осындай жас дарындардың бетін қақпай, белін буып, айтыс ұйымдастырып жатқан университет басшылығына алғысымызды білдіреміз, - деді Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын Айбек Оралхан.
Жеңімпаз және жүлдегер болған ақындарға ақшалай сыйлықтар табысталды.