МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЕСКЕН БӘДЕНҰЛЫ ТУРАЛЫ КІТАП ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ
19.01.2024
Бүгін Марғұлан Университетінде ұзақ жыл еңбек еткен ұлағатты ұстаздардың бірі, кезінде химия кафедрасының меңгерушісі болған Ескен Бәденов туралы «Тағылымы мол тұлға» атты жаңа кітап жарыққа шықты. Кітап университеттің «Өнегелі тұлғалар» сериясы бойынша басылды.
Тұсаукесер шарасына ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Бауыржан Есенгельдин қатысып, ұлағатты ұстаздың педагогикалық еңбегі мен ұстаздық қызметіне тоқталды.
- Кітапта ғалымның өмірбаяны, ұстаздық жолы және ғылыми еңбектері жайлы құнды материалдар басылған. Ескен Бәденұлы оқытушылықпен қатар, химия саласында көптеген ғылыми еңбек жазып, саналы ғұмырында білімді шәкірт тәрбиелеп кеткен адам. Ол кісінің өмір жолының өзі бүгінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге боларлық үлкен мектеп, - деді Бауыржан Сатыбалдыұлы.
Шараға Ескен Бәденұлымен ұзық жыл бірге қызмет істеп, әріптес болған замандасы Олжабай Жармакин, марқұмның келіні Мадина Бәденова қатысып, ұлағатты ұстаздың еңбек жолына арналған кітаптың басылуына қолдау көрсеткен университет басшылығына алғысын білдірді.
-Мен Ескен Бәденұлымен 1960 жылдары танысып, содан бастап Павлодар педагогикалық институтында 30 жылдай бірге қызмет істедік. Мен шет тілдер кафедрасын, ол кісі химия кафедрасын басқарды. Ескен өте ақылды, сабырлы адам болатын. Оқуға келген әрбір студентке ерекше жауапкершілікпен қарап, сапалы білім бере білді. Соның арқасында қазір оның шәкірттері Қазақстан бойынша үлкен жетістіктерге жетіп, жақсы қызмет істеп жүр, - деді Олжабай Жармакин.
Бәденов Ескен Бәденұлы 1940 жылы 25 қазанда Аққулы ауданының Жаңаауыл ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Семей педагогикалық институтын химия және биология факультетін бітірді. Сол жылы Павлодар ауданы Красноармейка ауылында мұғалім болып, еңбек жолын бастаған. 1965 жылы желтоқсан айында Павлодар педагогикалық институтына химия кафедрасының аға оқытушысы болып қабылданды, кейін кафедра меңгерушісі болды. Міне, содан бастап жоғары білім саласында үздіксіз 60 жылға жуық еңбек етіп, соңына мол тағылым қалдырды.Ол отандық жоғары педагогика мектебінің дамуына өзіндік үлес қосқан қайраткер. Ұлағатты ұстаз, білікті басшы және қамқор аға бола білген Ескен Бәденұлы 2023 жылы 83 жасында өмірден озды. Өмірінің соңына дейін, саналы ғұмырын «ұстаздық етуден жалықпай», өскелең ұрпаққа сапалы білім беруге бар күш-жігерін жұмсады.


