МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ERASMUS+ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ АҚПАРАТТЫҚ КҮНІ ӨТТІ
13.09.2023
Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетіне Erasmus+ бағдарламасының Қазақстандағы Ұлттық кеңсесінің үйлестірушісі Лаура Қалабайқызы Палуанова келіп, Erasmus + бағдарламасының ақпараттық күнін өткізді.
Жиынды Марғұлан университетінің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдин бастап, халықаралық Erasmus+ бағдарламасының артықшылықтарына тоқталды.
- Барлықтарыңызға белгілі кез-келген университетті дамыту үшін халықаралық байланыстарды нығайту керек. Осы мақсатты әртүрлі шетелдік университеттермен байланыс орнату маңызды. Бүгінгі кездесу басқа жоғары оқу орындармен іскерлік байланысты нығайтуға, академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүргізуге, халықаралық конференцияларға қатысуға деген мүмкіндігін арттырады. Сонымен қатар, бұл бағдарламаның ерекшелігі тек халықаралық деңгейдегі ғылыми жобаларды ғана емес, оқу ісіне қатысты жобаларды жүзеге асыруға да ықпал етеді, - деді Бауыржан Сатыбалдыұлы.
Кездесу барысында Erasmus+ Ұлттық кеңсесінің үйлестірушісі Лаура Қалабайқызы аталған халықаралық бағдарламаның артықшылықтарын және Қазақстандағы нәтижесін түсіндірді.
Сондай-ақ, спикер Erasmus+ халықаралық бағдарламасы туралы слайдтар көрсетіп, жаңа жобаларын кеңінен түсіндірді. Іс-шараның екінші бөлімі бағдарламалардың әлеуетті қатысушылары үшін өтінім нысанын талдауға арналды.