МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ПӘКІСТАНДЫҚ ҒАЛЫМ ДӘРІС ОҚИДЫ
05.09.2023
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетіне академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Куэйд-и-Азам университетінің (Quaid-i-Azam University, г. Исламабад) ботаника кафедрасының доценті, доктор Шужаул Мүлк Хан (Dr. Shujaul Mulk Khan) келді. Белгілі профессор Жаратылыстану жоғары мектебінің студенттеріне төрт апта бойы дәріс оқиды.
Бүгін Марғұлан Университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев доктор Шужаул Мүлк Ханды қабылдап, мәртебелі қонаққа келгені үшін алғыс айтты. Сондай-ақ, екі университет арасындағы жаратылыстану ғылымдары саласындағы ынтымақтастықты дамытудың келешегі зор екенін атап өтті.
Кездесу барысында тараптар университет ғалымдарының Пәкістанның рейтингтік журналдарында жариялануын талқылады. Қазақстан мен Пәкістандағы өсімдіктердің флорасы мен биоәртүрлілігін зерттеу бойынша бірлескен зерттеулер жүргізуге, студенттер мен оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын қамтамасыз етуге, магистранттар, докторанттар және ғалымдардың тағылымдамадан өтуге ниет білдірді.
Биология ғылымдарының кандидаты, «Биология» білім беру бағдарламасының жетекшісі Гүлнар Төлендинованың айтуынша, профессор Шужаул Мүлк Хан Павлодар педагогикалық университетінің Жаратылыстану жоғары мектебі ғалымдарының «Климаттық және антропогендік факторлардың әсерінен Баянауыл ұлттық паркінің өсімдіктер қауымдастығының қазіргі жағдайы мен динамикасын бағалау» жобасына қатысады. Бұл 2023-2025 жылдарға арналған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы және Ұлттық ғылыми кеңеспен мақұлданған
Шетелдік серіктес университеттермен бірлесіп академиялық ұтқырлықты жүзеге асырудың тиімділігі зор. Оқу семинарлары мен тренингтер ұйымдастыру профессорлық-оқытушылық құрамның, студенттер, магистранттар және докторанттардың ғылыми-зерттеу құзыреттіліктерін арттыруға, профессорлық-оқытушылық құрамның ағылшын тілін білу деңгейін арттыруға ықпал ететінін атап өткен жөн.