МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ ҰЛТТЫҚ ҚОЛЖАЗБАЛАР ОРТАЛЫҒЫНДА ДӘРІС ОҚЫДЫ
12.09.2023
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Гүлфира Өтепова Астанадағы Ұлттық қолжазбалар мен сирек кітаптар орталығында «Қазақстан тарихы бойынша Ресей империясының заңнамасына шолу» атты ашық дәріс оқыды. Бұл орталықтың алтынқорында Қазақстан тарихына қатысты көптеген сирек басылымдар сақталған.
Гүлфира Өтепова өз сөзінде Ресей империясының ресми заңнамасы жарияланған «Полное собрание законов РИ», «Свод законов РИ», «Собрание узаконений и распоряжений правительства РИ» дереккөздермен ұсынылғанын айтты.
Ресей империясының заңдарын Қазақстан тарихы бойынша дереккөз ретінде зерттеумен профессор Гүлфира Өтепова 15 жылдан астам уақыт айналысып, үлкен ғылыми жұмыс жазды. Зерттеу барысында ұлт тарихына қатысты 2000-нан астам құжат анықталды дейді. Олар қазақ қоғамы өмірінің барлық салаларын, әкімшілік-территориялық реформаларын, әлеуметтік, экономикалық, құқықтық, салық мәселелерін, т.б. қамтиды.
«Заңнамалық құжаттардың Қазақстан тарихын зерттеу үшін маңызы зор, өйткені олар империяның отарланған аумақта жүргізілген ресми саясатының мәнін қадағалап, түсінуге көмектеседі. Олар басқа дереккөздермен бірге Қазақстан тарихына қатысты мәселелердің тұтас кешенін зерттеуге мүмкіндік береді», – дейді Гүлфира Елубайқызы.
Марғұлан университетінің Е.Бекмаханов атындағы ғылыми кітапханасында Ғ.Өтепованың «Тарихи деректердегі Қазақстанның оңтүстігінің қосылуы мәселелері», «Ресей империясының заң шығарушы дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы», «Қазақстанның ХVІІІ-ХХ басындағы Ресей империясының заңнамалық актілерінің хронологиялық көрсеткіші» және т.б. атты еңбектерімен танысуға болады.