Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІ ОБЛЫСТЫҚ ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫНА БІЛІМ ГРАНТТАРЫН ТАБЫСТАДЫ

09.01.2026

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті республикалық мектеп олимпиадасының облыстық кезеңінің жеңімпаздарына білім беру гранттарын ұсынды.

Зияткерлік сайыс 6–8 қаңтар аралығында Павлодар қаласында өтті. Олимпиада 9–11 сынып оқушылары арасында 15 жалпы білім беретін пән бойынша ұйымдастырылды. Оған 708 оқушы қатысты. Байқау қорытындысы бойынша 58 қатысушы I дәрежелі дипломмен, 103 оқушы II дәрежелі, 163 оқушы III дәрежелі дипломмен марапатталды.

Биыл Марғұлан университеті олимпиада жүлдегерлері атанған 11-сынып оқушыларына арналған жеті жалпы білім беру грантын бөлді. Гранттар жеті бағыт бойынша берілді: биология, химия, математика, физика, география, информатика және орыс тілі.

Марғұлан университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлының айтуынша, бұл бағыттардың таңдалуы педагог кадрларға деген жоғары сұраныс пен олардың Павлодар облысында ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша тапшылығына байланысты.

Университеттің бұл бастамасы дарынды оқушыларды қолдауға бағытталған және елдің болашақ педагогикалық әлеуетін қалыптастыруға ықпал етеді.