МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІ МЕН Ә.НАУАИ АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТІ АРАСЫНДА КЕЛІСІМШАРТ ЖАСАЛДЫ
15.09.2023
Тәжікстан астанасы Душанбе қаласындағы Тәжік ұлттық университетінің қабырғасында Орталық Азия елдері жоғары оқу орындары ректорларының ІІ форумы өтті. Іс-шара Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының 5-ші Консультативтік кездесуі аясында ұйымдастырылды. Форумға Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев қатысып, бірқатар шетелдік жоғары оқу орын басшыларымен меморандум жасады. Форумның екінші күнінде Марғұлан университетінің басшылығы Өзбекстанның Ташкент қаласындағы Әлішер Науаи атындағы университетпен келісімшартқа қол қойды.
Форумның алғашқы күні бірқатар қазақстандық жоғары оқу орындары тәжікстандық жоғары оқу орындарымен келісім жасаған болатын. Еске сала кетейік, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ректоры Тәжік ұлттық университеті және Садриддина Айни атындағы Тәжікстан мемлекеттік педагогикалық университеті басшыларымен ынтымақтастық меморандумға қол қойған болатын.
Осы серіктестік негізінде тараптардың бірінің өтініші бойынша білім беру бағдарламаларына, әкімшілік және академиялық жоспарлауға қатысты ақпарат алмасу, оқу-әдістемелік материалдармен және ғылыми әдебиеттермен алмасу, профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлердің конференцияларға, семинарларға өзара қатысуы, белгілі бір уақыт аралығында дәрістер циклдарын өткізу және басқа да бағыттар бойынша бірлескен жұмыстар жүргізілмек.