Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМНЫҢ ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯСЫНА АРНАЛҒАН КЕҢЕЙТІЛГЕН АЛҚА ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ

13.02.2026

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастыруымен «Жоғары білім және ғылым: цифрландыру және жасанды интеллект жылы» тақырыбында кеңейтілген алқа отырысының бірінші күні өтті. Ауқымды жиынға еліміздің жоғары оқу орындарының басшылары, ғылыми ұйымдар жетекшілері, халықаралық серіктестер мен сарапшылар қатысты.

Аталған маңызды іс-шараға Марғұлан университеті делегациясы да қатысып, жоғары білім мен ғылымды цифрлық трансформациялау бағытындағы өзекті мәселелерді талқылауға атсалысты.

Ғылым және жоғары білім: жаңа кезең

Күн тәртібінде ғылым саласының дамуы, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесін жетілдіру, білім беру бағдарламаларын жаңарту, цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізу мәселелері кеңінен қаралды.

ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Ісбасарқызы Көбенова ғылым мен білім беруді дамыту бағытындағы негізгі басымдықтарды атап өтті. Сонымен қатар цифрландыру және жасанды интеллект мәселелері (Open AI, GPT чат, суперкомпьютерлер) жөнінде вице-министр Динара Ринатқызы Щеглова баяндама жасап, жаһандық трендтерге сәйкес білім беру жүйесін трансформациялаудың маңыздылығына тоқталды.

Білім беру бағдарламаларын жаңғырту, оларды еңбек нарығы талаптарымен сәйкестендіру мәселелері де кеңінен талқыланды.

Қазақстандық студенттерді цифрлық және жасанды интеллектке бағдарланған еңбек нарығына дайындау, жаңа буын кадрларын қалыптастыру бағытындағы ұсыныстар ортаға салынды.

Халықаралық серіктестік және инновациялар

Кеңейтілген алқа отырысында халықаралық серіктестік мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

Coursera платформасының өкілі қазақстандық студенттердің жаһандық цифрлық білім ресурстарына қолжетімділігі туралы баяндады.

Сондай-ақ Google компаниясының жоғары білім беру саласындағы әріптестік мүмкіндіктері таныстырылды.

Ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру рәсімдері, инновацияларды дамыту, «Study in Kazakhstan» жобасы және халықаралық ғылыми тағылымдамалар тақырыптары бойынша да мазмұнды баяндамалар ұсынылды.

Марғұлан университетінің белсенді қатысуы

Алқа отырысында жоғары оқу орындарының цифрлық трансформациядағы рөлі ерекше атап өтілді. Вице-министрдің баяндамасында аймақтық университеттердің әлеуетін арттыру, цифрлық шешімдерді енгізу және жасанды интеллект бағытындағы бастамаларды кеңейту мәселелері қозғалып, бұл тұрғыда Марғұлан университетінің атқарған жұмыстары да сөз болды.

Бұл – университеттің өңірлік және ұлттық деңгейдегі білім мен ғылым саласындағы орнының айқын көрінісі.

Кеңейтілген алқа отырысының екінші күні білім мен ғылымды дамытудың басым бағыттарын жүйелеу, нақты міндеттерді бекіту және оларды жүзеге асырудың практикалық қадамдарын айқындауға арналады.