Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІ ЖОҒАРЫ БІЛІМ САПАСЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ФОРУМҒА ҚАТЫСТЫ

16.01.2026

2026 жылғы 15–16 қаңтар күндері Астана қаласында Nazarbayev University базасында «Жоғары білім сапасын қамтамасыз ету: қазіргі жағдайы мен даму перспективалары» атты форум өтті. Форумды Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті Nazarbayev University-мен бірлесіп ұйымдастырды.

Форум жұмысына Марғұлан университетінің өкілдері еліміздің 100-ден астам жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорларымен, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және жетекші аккредитациялық агенттіктердің өкілдерімен бірге қатысты. 

Форумның негізгі оқиғасы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектың, сондай-ақ жоғары білім сапасын қамтамасыз ету саласындағы сарапшылардың қатысуымен өткен пленарлық отырыс болды. Отырыста халықаралық беделді Quality Assurance Agency for Higher Education (QAA) агенттігінің өкілі Nazarbayev University Жоғары білім беру мектебінің бірқатар академиялық бағдарламаларына халықаралық аккредитация сертификаттарын табыстады.

Форум аясында QAA, НААР және ASIIN халықаралық аккредитациялық агенттіктерінің сарапшылары университеттерді халықаралық аккредитацияға даярлау, сапаны ішкі қамтамасыз ету жүйелерін дамыту, сондай-ақ білім беру мен ғылыми үдерістерге халықаралық стандарттарды енгізу мәселелері бойынша шеберлік сабақтарын өткізді.

Тақырыптық сессиялар барысында PhD докторанттарды даярлау сапасын бағалаудың жаңа тәсілдері, ғылыми зерттеулерді дамыту, сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы реттеуші және рұқсат беру саясаты мәселелері кеңінен талқыланды.

Аталған форумға қатысу Марғұлан университетінің өкілдеріне жоғары білім сапасын қамтамасыз ету саласындағы озық халықаралық тәжірибелермен танысуға, отандық және шетелдік жетекші сарапшылармен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ университеттің білім беру және ғылыми қызметін одан әрі жетілдірудің басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.