Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІ ЖАТАҚХАНАЛАРЫНЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫ ТЕКСЕРІЛДІ

16.08.2023

 

ҚР Ғылым және жоғары білім Министрлігінің тапсырмасы бойынша Павлодар облысында студенттерді жатақханаларға орналастыру мәселелерін шешуге бағытталған жедел штаб құрылған. Өңірлік студенттік омбудсмен басшылығы және жедел штаб мүшелері өңіріміздің жоғары оқу орындарына қарайтын студенттер үйлерін аралап, тексеруге кірісті.

Бүгін Павлодар облысы бойынша студенттік омбудсмені, Қазақстан студенттер Альянсының өкілі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің жанындағы кеңес мүшесі Дәурен Шарипов, комиссия мүшелері Ризат Рахимжанов, Ернар Балтабай, Кенжебек Дәлелхандар Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетіне келіп, №1 және №2 студенттер үйін аралап көрді. Сонымен қатар, Марғұлан университетінің студенттері үшін жаңа жөндеуден өтіп жатқан ғимараттың құрылыс жұмыстарымен танысты. Осы жылы студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз ету үшін университет "Павлодартурист" ЖШС-мен ("Сары-Арқа" қонақ үйі) 100 төсек-орынға және "Сократ-ПВ" ЖШС жатақханасымен (Целиная көшесі, 46) 500 төсек-орынға меморандумдар жасаған болатын.

Мониторинг барысында жедел штаб мүшелері жатақханалардың тазалығын, жабдықталуын, студенттердің бос уақытына арналған қосымша бөлмелердің мүмкіндіктерін тексеріп, жоғары бағаларын берді.

Сонымен қатар, жатақханаларда орындар қандай критерийлер бойынша бөлінеді, тұру шарттары қандай, жаңа оқу жылында студенттерді қабылдау дайындығы сынды мәселелерге назар аударды.

- Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің барлық жатақханаларын аралап көрдік. Министрліктің тапсырмасы бойынша белгіленген критерийлер бойынша мониторинг өткздік. Сонымен қатар, студенттерді орналастыру жұмысымен айналысатын ахуалды орталық пен жедел штаб жұмысымен таныстық. Жатақханалардың жағдайы қанағаттанарлықтай деуге болады. Дегенмен қыркүйек айының басында тағы бір тексеру жүргіземіз, - дейді Павлодар облысы бойынша студенттік омбудсмені Дәурен Шарипов.

Айта кетейік, бүгінде барлық жоғары оқу орындарында студенттерді жатақханаға орналастыру бойынша ахуалдық орталық және арнайы штабтар құрылып, жұмыс істеуде. Бірінші курс студенттері алдымен жатақхана алу бойынша өзі таңдаған университетке тікелей байланысқа шығуы қажет. Әлеуметтік желіде орналасқан әр университеттің алгоритміне сай құжаттар тапсыруы тиіс. Университеттердің Call -орталықтарына хабарласып, ақпарат ала алады.