Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІ БІЛІМ КҮНІН АТАП ӨТТІ

01.09.2023

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде Білім күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шараға Марғұлан университетінің басқарма төрағасы, ректор Жанбол Жилбаев қатысып, студенттерді, профессор-оқытушылар құрамын, университет ұжымын жаңа оқу жылымен құттықтады.

- Құрметті ұстаздар! Қымбатты студенттер мен ата - аналар! Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Марғұлан Университеті – 60 жылдан астам терең тарихы мен бай дәстүрі бар, еліміздегі ең үздік жоғары оқу орындарының қатарына енген заманауи университет. Ғылым мен инновация саласындағы жетістіктеріміз де жыл сайын артып келеді. Ағымдағы оқу жылына 1600 студент қабылданды, соның ішінде Қытай, Ресей және Моңғолия мемлекеттерінен келген шетел азаматтары бар. 520 студент мемлекеттік грант иегері атанса, 21 студент «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының, 41 студент университет грантына ие болды. Мемлекеттік «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша еліміздің оңтүстік өңірлерінен 75 студент қабылданды. Бұл әрине бірлігі бекем Марғұлан университеті ұжымының ерен еңбегінің жемісі, - деді Жанбол Октябрьұлы. Сонымен қатар, ақылдастар алқасының мүшесі Айгерім Нұрғалиева жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, барша әріптестеріне және студенттерге сәттілік тіледі.

Білім күніне арналған шарада университет табалдырығын енді аттаған 1-курс студенттері Қазақстан Конституциясын және заңдарын, MARGULAN UNIVERSITY жарғысын, ішкі тәртіп және Студенттер үйінің тұру ережелерін және басқа да нормативтік актілерін сақтауға ант етті. Содан кейін студенттер кеңесінің төрағасы Нұржан Егемберді Жаңабайұлы Марғұлан университетінің туын 1 курс студенті Тыныштық Жанұзақ Маратұлына табыстады. Сондай-ақ, «Болашақ ұстаздар жолдауы» капсуласы жобасы ашылды. Онда 2023 жылғы 1 курс студенттері өз арман-мақсаттарын жазып салып, 4 жылдан кейін оқу бітіріп, диплом алар кезде ашатын болады.

Білім күніне арналған салтанатты шара университет өнерпаздарының мерекелік концерті мен студенттік ұйымдардың жәрмеңкесімен жалғасты.