MARGULAN UNIVERSITY РЕКТОРЫ ПӘНДІК ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫНА 16 ГРАНТ ТАБЫСТАДЫ
21.02.2023
Margulan university ректоры Жанбол Жилбаев жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушыларға арналған Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпаздарына 16 білім грантын салтанатты түрде Естай атындағы мәдениет сарайында табыс етті.
«Ертіс дарыны» облыстық оқу-әдістемелік орталығында облыстағы жалпы білім беретін және мамандандырылған мектептердің 9-11 сыныптарының 635 оқушысы - олимпиаданың аудандық, қалалық кезеңдерінің жеңімпаздары қатысқан республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңінің қорытындысы шығарылды.
Олимпиада жаратылыстану-математикалық (математика, информатика, физика, химия, биология, география) және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы (қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тілі, орыс тілі мен әдебиеті, орыс тілі, Қазақстан тарихы, құқықтану негіздері, ағылшын, неміс, француз тілдері) 15 жалпы білім беретін пәндер бойынша 2 турда өткізілді.
Жанбол Жилбаев облыстық пән олимпиадасының жеңімпаздарын құттықтап, оларға гранттарды табыс етті. Ректор мұғалімдердің білім сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың негізгі стратегиялық басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Талантты да дарынды студенттерді ұстаздық кәсіпке баулуға ерекше мән беріп отырған оқу орнының міндеті де осы. Бүгінгі таңда облыста қызмет ететін ұстаздардың 80 пайызы Марғұлан университетінің түлектері.
«Павлодар облысы оқушыларының көп жылдар бойы республикалық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленуі университетіміздің білім сапасының жоғары екендігін айғақтайды. Республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын. Жеңімпаздар қатарында ауыл мектептерінен келген оқушылардың көп болғанына өте қуаныштымын. Сіздерге берілетін бүгінгі грант – ертеңгі күннің кепілі болмақ. Баршаларыңызды айтулы жеңістеріңізбен құттықтаймын. Сіздерді Марғұлан университетінде күтеміз», - деді Жанбол Октябрьұлы.
Академиялық адалдық пен ашықтықты сақтау мақсатында олимпиада электрондық форматта, «El Umiti» цифрлық онлайн платформасы» ақпараттық жүйесінде веб-камерадан фотофиксациямен және минут сайын экран скрин прокторинг сервисін пайдалана отырып өткізілді.