Перейти к содержимому страницы.

MARGULAN UNIVERSITY-НІҢ СУДЕНТТЕРІ ХХХ ҚЫСҚЫ УНИВЕРСИАДАҒА ҚАТЫСУДА!

17.01.2023

Осы күндері АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында ХХХ қысқы Универсиада ойындары өтіп жатыр. Аталған қысқы спорттық жарыстарға Қазақстан құрамасының сапында Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің үш спортшысы қатысуда. Олар өнер және спорт жоғары мектебінің студенттері: мәнерлеп сырғанаушы Ясмина Текик, конькиші Андрей Зуев және биатлоншы Ксения Долгополова.

Ясмин Текик Марғұлан университетінің «Дене шынықтыру және спорт» бөлімінің 1 курсында оқиды. Ол конькимен 10 жылдан бері айналысып келеді. Астанадағы Д.Қонаев атындағы № 66 мектеп-лицейді қазақ тілінде аяқтаған. Павлодар қаласының мәнерлеп сырғанау командасының өкілі, мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құраманың мүшесі. Ол ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Тен Оксана Алексеевнаның шәкірті.

Ксения Долгополова Марғұлан университетінің «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасында гранттық негізде білім алуда. Ол 2012 жылдан бастап ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушылар Николай Николаевич Выдрин мен Виктория Викторовна Пантованың басшылығымен биатлонмен айналыса бастады. Ксения 2017 жылы биатлоннан Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын қорғады. Қысқы Универсиада ойындарының қатысушысы және жеңімпазы. Қазақстан Республикасы жастар арасындағы чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы.

Бірінші курс студенті Андрей Зуев конькимен 10 жылдан астам айналысады, ол жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында өнер көрсетті. Оның жаттықтырушысы – конькимен жүгіруден Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиаданың бірнеше дүркін жүлдегері Людмила Прокашева. Универсиадаға шәкірттерімен бірге барып қолдау көрсетуде. Андрей биылғы қысқы Универсиада жарысында 5 мың метр қашықтықты 16-шы болып аяқтады.
Өнер және спорт жоғары мектебінің деканы Валентина Лебедеваның айтуынша, студенттердің әлем чемпионатына жолдама алып, қатысуының өзі үлкен жетістік. Себебі спорттың бұл түрінен іріктеуден өтіп, үздіктер қатарына іліну оңай емес.
«Біз осы студенттермен мақтанамыз және оларға үлкен сенім артамыз. Өйткені олар бүгінгі күнге дейін де көптеген жетістіктерге жетіп үлгерді. Біздің спортшылардың әлемнің түкпір-түкпірінен келген мықты студенттердің арасында өтетін ауқымды спорттық шараға қатысуының өзі жеңіспен тең», – дейді Валентина Ильинична.