Перейти к содержимому страницы.

MARGULAN UNIVERSITY-НІҢ ПРОФЕССОРЫ МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚҚПЕН МАРАПАТТАЛДЫ

27.02.2023

Астанада «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2022» республикалық байқауының марапаттау рәсімі өтті. Еліміздің үздік оқытушыларының қатарында – Жаратылыстану жоғары мектебінің доценті, PhD докторы Дария Әбікенова мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

Байқауда Қазақстанның 43 жоғары оқу орнының 150 оқытушысы жеңімпаз атанды. Олардың әрқайсысы 2000 АЕК (6 млн 126 мың теңге) көлемінде сыйақы алды. Ұстаздарға ақшалай ынталандырудан басқа төсбелгілер табысталды. Сертификаттарды Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек табыс етті.

«Министрлік атынан Сіздерге таңдаған істеріңізге адалдықтарыңыз және жоғары кәсіби біліктіліктеріңіз үшін алғыс айтамын. Алдымызда тұрған негізгі басымдықтардың бірі – зерттеу экожүйесін қалыптастыру және ғылыми әлеуетті арттыру. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарын цифрлық жоғары оқу орындарына трансформациялау қажеттігін атап өту қажет. Құрметті әріптестер, мұның бәрі сіздердің еңбектеріңіздің арқасында ғана мүмкін болмақ! – деді салтанатты жиындағы сөзінде министр Саясат Нұрбек.

Айта кетейік, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2022» байқауына еліміздің 71 оқу орнынан барлығы 775 үміткер қатысты. Республикалық конкурстық комиссияның шешімімен сайыста электронды оқу ресурстарын, оқу материалдарын әзірлеу және жариялау, отандық және халықаралық журналдардағы ғылыми жарияланымдар, өнертабысқа патенттердің болуы және т.б. сияқты көрсеткіштер бағаланды. Сондай-ақ, үміткердің оқыту сапасы, оның бакалавриатта, магистратурада және докторантурада кадрлар даярлау қызметіндегі еңбегі бағаланды.

Дария Болатқызын университет оқытушыларының кәсіби байқауындағы жеңісімен құттықтап, алдағы уақытта да шығармашылық табыстар тілейміз!