Перейти к содержимому страницы.

MARGULAN UNIVERSITY-НІҢ ЕКІ СТУДЕНТІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ MEGA KONKURS-ТЫ БАҒЫНДЫРДЫ

14.02.2023

Біздің студенттер қандай конкурсқа, қандай сайысқа барса да жасындай жарқырап көзге түсіп, топ жарып жүреді. Марғұлан университеті өнер және спорт жоғары мектебінің «Музыкалық білім беру» бағдарламасының 3 курс студенттері Баянбек Тілеужан мен Тілек Балапан Астана қаласында өткен үлкен өнер байқауынан олжалы оралды. Халықаралық деңгейдегі «MEGA KONKURS» атты көпжанрлық шығармашылық байқауында бақ сынап, бас жүлдені жеңіп әкелді. Баянбек Тілеужен "Дәстүрлі ән" және Тілек Балапан "Көркем сөз" бағыттары бойынша өнер көрсеткен. Байқауға бірнеше мемлекеттен және еліміздің әртүрлі облысынан 120-дан астам өнерпаз келіп, барлығы да жеңіс тұғырынан көрінуге үміткер болды. Біздің студент Баянбек Тілеужен қазақтың халық әні «Гүлдариғаны» қылқобызбен орындап, көрермен ықыласына бөленіп, қазылар алқасының жоғары бағасын алды. Ал Тілек Балапан болса «Тәуелсіздікке арнау» атты өзінің авторлық өлеңін оқып, әдебиетсүйер қауымды жалынды жырымен тәнті етті.

Халықаралық байқауда топжарған студенттердің жетекшісі – дәстүрлі әнші Салтанат Қисатова.

- Бізде кез-келген байқауда жоғары деңгейде өнер көрсете алатын студенттер бар. Олар әнді де нақышына келтіріп орындайды, өлеңді де тамаша жазады. Мысалы, студент Тілек Балапанның көптеген өлеңдері бар. Осы байқауға барар алдында дайындық жүргізіп, актерлік шеберлігін шыңдадық. Жалпы мұндай шығармашылық байқауларға қатысу студенттердің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа шығармалар жазуға, орындаушылық шеберліктерін арттыруға мүмкіндік береді, - дейді Салтанат Тасболатқызы.