MARGULAN UNIVERSITY ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ
25.04.2023
Марғұлан университетінің өкілдерім Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің базасында өткен Жоғары білім көрмесіне қатысты.
Іс-шара барысында мақсатты білім гранттары бойынша түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Көрмеде еліміздің 40-қа жуық жоғары оқу орны талапкерлер мен олардың ата-аналарына өздерінің білім беру бағдарламаларын ұсынды. Көрмені Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев аралап, талапкерлерге Атырау және Маңғыстау облыстарының түлектеріне бөлінетін мақсатты білім гранттары туралы айтып берді.
Еске салайық, өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғаш рет білім грантының жаңа түрі: «Халықтың тығыз орналасқан және батыс өңірлерінің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқытуға арналған мақсатты білім гранты» анықталған болатын. Биылғы жылы да атаулы білім гранттары Атырау және Маңғыстау облыстарының түлектеріне бөлінеді.
Көрмеде Марғұлан университетінің ЖОО-ға дейінгі дайындық және кәсіптік бағдар беру бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Мұсанова мен Жастар саясаты бөлімінің маманы Арайлым Сүндет Марғұлан университеті туралы стенд ұсынып, келушілерге білім беру бағдарламалары, ЖОО-да оқудың артықшылықтары, білім беру жағдайлары, оқу мерзімі және жұмысқа орналасу перспективалары туралы айтып берді. Мектеп түлектеріне университет атынан буклеттер мен символикалық сыйлықтар табыс етілді.
«Марғұлан университетіне Атырау облысынан жыл сайын бірнеше студент түседі. Олардың ешқайсысы таңдаған университетіне өкінбейді. Олардың барлығы университетіміздегі профессор-оқытушылар құрамын дайындаудың жоғары сапалы деңгейін атап өтеді», – дейді Гүлнар Манапқызы.