MARGULAN UNIVERSITY АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУДА
01.04.2026
Margulan University Павлодар облысындағы білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда. Университет ауыл мектептеріне ерекше назар аударып, кадр тапшылығы мәселесін шешу және оқушыларға тұрғылықты жеріне қарамастан тең мүмкіндіктер жасауға басымдық беріп отыр.

Бүгін Марғұлан университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Айгүл Жұмабекова мен Карьера және практика орталығының жетекшісі Татьяна Гаврилова Мичурин жалпы орта білім беру мектебінде болды. Мектеп директоры Айнаш Абдыманова қонақтарды жылы қарсы алып, кездесу барысында оқу үдерісінің өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.

– Мектептердің үнін есту, олардың кадрлық қажеттіліктерін түсіну және білім беру жүйесінің болашағын бірлесіп қалыптастыру аса маңызды, – деп атап өтті университет өкілдері.
Мұндай кездесулер білім беру ұйымдарының нақты сұраныстарын тереңірек түсінуге, өзекті мәселелердің шешімін табуға, тәжірибе алмасуға және алдағы даму үшін жаңа бастамалар қалыптастыруға мүмкіндік береді.
.jpg)