MARGULAN UNIVERSITY-ДЕ ІХ ПӘНДІК ОЛИМПИАДАНЫҢ ШЕШУШІ КЕЗЕҢІ ӨТТІ
31.03.2023
Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде университет грантына арналған ІХ пәндік олимпиаданың екінші кезеңі басталды. Бұл олимпиаданың басты мақсаты-өңіріміздің дарынды оқушыларын қолдау, оларға пән бойынша өз білімдерін көрсетуге және ЖОО-ның білім грантын алуға мүмкіндік беру.
Алдымен оқушыларды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі және шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Олимпиаданың ашылуына университеттің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев қатысып, барша оқушыларға сәттілік тіледі.
Олимпиаданың бірінші кезеңі 11 сынып оқушылары арасында 2,3 наурызда өткен болатын. Іріктеу турына қатысуға барлығы 718 оқушы тіркелген, бүгін екінші турға 452 оқушы келіп қатысуда. Оқушылар математика, физика, химия, биология, география, қазақ тілі, ағылшын тілі, орыс тілі және тарих пәндері бойынша берілген тапсырмаларды орындайды.
Марғұлан университеті қабылдау комиссиясының хатшысы Гүлнәр Мұсанованың сөзінше, биылғы жылы қатысқан мектептердің тізімі де өсті. Егер бұрын әр ауданнан 2-3 ауылдық мектеп қатысса, биыл олардың саны бірнеше есеге артты.
- Іріктеу турында балалар мектеп бағдарламасынан тапсырмаларды орындаса, екінші турда олар пән бойынша терең білімді қажет ететін күрделі деңгейдегі тапсырмаларды орындады, - дейді Гүлнәр Мұсанова.
Олимпиаданың қорытындысы сәуір айының 4-де шығарылып, әр пән бойынша үздік тапсырған бір оқушыға университетте тегін білім алуға грант беріледі. Сонымен қатар, 25 және 50 пайыздық жеңілдік сертификаттары да күтеді.