Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ "БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАР ЖӘРМЕҢКЕСІ" ӨТТІ

04.05.2023

 Бүгін Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде дәстүрлі «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» өтті. Оған Павлодар облысы бойынша 50-ден астам білім беру мекемелері мен ұйымдарының өкілдері қатысып, студенттерге өздеріндегі бос орындар туралы ақпарат ұсынды. Жәрмеңкеге Марғұлан университетін биыл бітіретін 500-дей студент қатысты. Іс-шараны университеттің Мансап орталығы ұйымдастырды.

Жәрмеңкенің ашылуына Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректоры Жанбол Жилбаев қатысып, жұмыс берушілер мен студенттерге сәттілік тіледі.
Жалпы, мұндай жәрмеңкелердің оқуларын енді ғана бітіріп, жұмысқа баратын студенттер үшін маңызы зор. Себебі, түлектер жұмыс берушілермен тікелей әңгімелесіп, қандай мекемеге қандай мамандар қажет екені туралы толық ақпарат алады. Сондай-ақ, жұмыс берушілер де өздеріне қажетті мамандарды таңдап алуына мүмкіндік туады.

Іс-шара барысында жұмыс берушілер білім беру бағдарламаларының өкілдерімен әңгімелесіп, түлектерге өз мекемелерінде бос жұмыс орындарын ұсынды. Түлектер жұмыс берушілермен байланыстары мен түйіндемелерін қалдырды, ал олар өз кезегінде студенттерге өз ұйымдарының жарнамалық брошюраларын табыс етті.

Осы шара барысында түлектерге барлығы 300-ге жуық бос жұмыс орындары ұсынылды. Негізінен математика, қазақ, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, физика, информатика, химия, музыка және бастауыш сынып мұғалімдері бойынша бос орындар анықталды. Соның ішінде математика, физика, информатика, музыка, орыс тілі мен бастауыш сынып мұғалімдері, мектепке дейінгі тәрбиешілер, психологтар, дефектологтар сұранысқа ие.

М.Қанапиянов атындағы жоғары колледжінің студенттері өздерінің мамандықтары бойынша қала және ауыл мектептерінен бос орындар шыққанын айтады.
-Бос орындар жәрмеңкесі біз үшін пайдалы болды.Себебі, көптеген білім беру мекемелерінің өкілдерімен сөйлесіп, жұмыс орындар туралы ақпарат алдық. Біздің мамандық бойынша Павлодар қаласындағы №26, №39 мектептерде және Шарбақты ауыл мектебінде орындар бар екен. Алдағы уақытта осы мекемелердің басшыларымен байланыс орнатып, жұмыс мәсе лесін шешеміз, - дейді Толғанай Қайырбаева.

Айта кету керек, биыл Марғұлан университеті 23 педагогикалық білім беру бағдарламасы бойынша 600-ден астам жас маманды дайындады. «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 10 білім беру бағдарламасы бойынша 55 түлек оқуды аяқтап жатыр.