МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ АРДАГЕРЛЕРДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ
08.05.2023
Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ректоры Жанбол Жилбаев, тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Жарқын Қабдолов, кәсіподақ ұйымының төрайымы Роза Жаева Жеңіс күні мерекесі қарсаңында университет ардагерлерін құттықтады.
Мерекелік құттықтау бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған Лилия Базарбекованың үйінен басталды. Лилия Гизатулловна бұл оқу орынында 32 жыл жұмыс істеді. 1964-1996 жылдары аралығында бастауыш білім беру әдістемесі кафедрасында аға оқытушы болып, студенттерге сабақ берген. Ұзақ жылғы қажырлы еңбегінің нәтижесінде «Еңбек ардагері» және «Халық ағарту ісінің үздігі» медальдарымен марапатталған. Ардагер ұстаз университет басшылығына өзінің алғысын білдіріп, ұжымның еңбегіне сәттілік тіледі.
Марғұлан университетінің қабырғасында қолтаңбасы қалған ардагер ұстаздардың бірі – Надежда Ахметзянова. Ол соғыс жылдарында қоршауда қалған Ленинград қаласының тұрғыны ретінде көптеген ауыртпалықты бастан өткізді. Ол ұстаздар қара шаңырағында 1970-1996 жылдары жұмыс істеген. Университет ректоры бастаған делегация ардагердің шаңырағына арнайы барып, денсаулық жағдайымен таныс болды.
Сонымен қатар, Тыл еңбеккері, Еңбек ардагері, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Қабиден Зағыпаровтың да шаңырағына барып, Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады. Қабиден Фатқоллаұлы ұстаздар ордасында 1973 жылдан бастап, 40 жылға жуық еңбек етіп, университеттің өрлеуіне зор үлес қосқан ғалым. Ардагер ұстаз университет ұжымын жылы шыраймен қарсы алып, өзінің жеке кітапханасын таныстырды.
- Мен байлық жиған адам емеспін. Менің бар байлығым осы кітапханам, осында жиналған құнды кітаптар. Мен кітап жинауды 1953 жылы оқуға түскен кезден бастадым. Менің жеке кітапханамда Мәшһүр Жүсіптің, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың құнды еңбектері бар. Ғылыммен айналысатын адамның ең басты қаруы кітап болуы керек. Мен кезінде Естай туралы, Торайғыров туралы талай мақалалар жаздым. Сол ұлылар туралы материалдар менің жеке кітапханамда сақтаулы тұр, - деді Қабиден Зағыпаров.
Университеттің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев ардагерлерді мерекемен құттықтап, зор денсаулық тіледі.
- Үлкенге құрмет көрсету кейінгі ұрпақтың басты парызы. Сондықтан, мерекемен құттықтайық деген ниетпен шаңырақтарыңызға арнайы келіп отырмыз. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Келесі жылдың Жеңіс күнін өз отбасыларыңызда аман-есен қарсы алуға тілектеспін. Мерекелеріңіз құтты болсын, - деді.