Перейти к содержимому страницы.

"MARGULAN CENTRE" ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ

18.04.2022

Бүгін Павлодар педагогикалық университетінің "Margulan Centre" орталығы ашық есік күнін жариялап, оған университет студенттері мен мектеп оқушылары экскурсия жасады. Орталықта сақталған тарихи жәдігерлерді тарих пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алатын студенттер мен мектеп оқушылары ерекше қызығушылықпен тамашалады. Экскурсияның мақсаты - "Margulan Centre" орталығының ғылыми зерттеу жұмыстарын көрсету және ғылыми жетістіктерін таныстыру.

- Өткен аптада Павлодар педагогикалық университетінде Ғылым онкүндігі жарияланып, оның шеңберінде әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осыған орай Павлодар педагогикалық университетінің бірінші курс студенттері мен тарих және археология саласына қызығытан мектеп оқушыларын  арнайы шақырып отырмыз. Бұл күнді біз бекерден-бекер таңдаған жоқпыз. Себебі, 18-сәуір – халықаралық ескерткіштер және тарихи орындар күні. Міне, осы атаулы датаға орай орталықта атқарылып жатқан жұмыстарды студенттер мен оқушыларға таныстыруды жөн санадық, - дейді "Margulan Centre" орталығы «Рухани жаңғыру» зертханасының меңгерушісі Еңлік Қабыкенқызы.

Экскурсия барысында қонақтар "Margulan Centre" орталығының экспериментальді зертханасының, археологиялық қалпына келтіру зертханасының, «Ұмай» халықаралық зертханасының жұмыстарымен және ғылыми нәтижелерімен танысты. Сонымен қатар, орталықтың биылғы археологиялық жоспарлары да айтылды. Одан бөлек студенттер республикалық қасиетті нысандар тізіміне енкен Сұлтанбет Сұлтан үй-жайын аралады.

Еске салайық, "Margulan Centre" орталығы 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді.