Перейти к содержимому страницы.

«Мұғалімдік мамандық аса маңызды, сондықтан оларды ерекше жағдай жасалған жоғары оқу орындары дайындау керек».

28.05.2020

ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: «Мұғалімдік мамандық аса маңызды, сондықтан оларды ерекше жағдай жасалған жоғары оқу орындары дайындау керек».
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев адами капиталды дамытудың өте маңызды мәселелерін көтерді.
Кез келген мемлекеттің адами капиталы көбінесе білім деңгейіне байланысты. Сондықтан Президенттің сөйлеген сөзінде осы саланы реформалауға көп көңіл бөлінгені өте орынды. Мұғалім мамандығы – қастерлі мамандықтардың бірі, жаңа ұрпақ санасын қалыптастыратын да мұғалімдер, сондықтан ұстаз - мемлекетіміздің болашағы. Соңғы жылдары мұғалім кәсібінің беделін көтеру үшін көп жұмыс жасалды, бірақ әлі де жетілдіретін тұстары көп. Бүгінгі таңда қазақстандық мектеп белсенді түрде өзгеру үстінде. Мақсат – білім деңгейімізді әлемдік шыңға шығару.
Бұл мақсатқа мұғалімдердің кәсіби білім беру саласындағы өзгерістерінсіз жету мүмкін емес. Мемлекет басшысы педагогикалық жоғары оқу орындарының Қазақстан Республикасындағы жоғары білім саласында ерекше орынға ие болуы керектігін баса айтуы да осы себепті.
Ұсынылып отырған реформалар да дәл осы мақсатқа бағытталып отыр: білім мен ғылымға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту, оқытушылардың жалақысын көтеру, болашақ мұғалімдердің оқу бағдарламаларын жаңарту, үздік 10 ЖОО-да академиялық шеберлік орталықтарын құру және педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектеріне біліктілік тестін енгізу. Мұның бәрі педагогикалық қауымдастық үшін зор қолдау екендігі сөзсіз.
Педагогикалық университеттерді елдің үздік мектеп түлектері үшін тартымды етуге бағытталған өзгерістер өте маңызды: педагогикалық мамандықтар бойынша білім беру гранттарын қаржыландыру көлемін ұлғайту, болашақ мұғалімдерге арналған шәкіртақыларды көбейту, жаңа жатақханалар салу, қазақстандық университеттер негізінде шетелдік жетекші университеттердің кампустарын ашу. Осы шаралардың барлығы мектеп түлектерін педагогикалық жоғары оқу орындарына тартуға мүмкіндік береді, ынталы, жоғары кәсіби оқытушы болуға жетелейді. Соңғы жылдары қоғамдағы мұғалімдік мамандыққа деген көзқарас жақсы жаққа өзгерді. Сондықтан біз үміткерлерге біздің университетте Сізді сәттілік жетелейтін мамандықтар күтіп тұр деп сенімді түрде айта аламыз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық білім беру саласының алдына өршіл де үлкен мақсат қойды: «Біздің 10 жоғары оқу орны әлемдегі ең үздік 500 университеттің қатарына кіруі керек. Біз бұған 2025 жылға дейін жетуіміз керек». Ұсынылып отырған реформалар осы мақсатқа жетуге ықпал ететініне сенімдіміз және біздің университет Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында ҚР Президенті көтерген бастамаларды жан-жақты қолдай отырып, оларды табысты жүзеге асыруға барлық күш-жігерін бағыттайды.

Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек НУХҰЛЫ