Перейти к содержимому страницы.

МАЛАЙСАРЫ БАТЫР МЕКТЕБІНДЕ 50-ДЕН АСТАМ СТУДЕНТ ТӘЖІРИБЕДЕН ӨТТІ

08.02.2023

Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев Павлодар қаласындағы Малайсары батыр атындағы орта мектепке барып, білім беру мекемесінің ұжымымен кездесті.

Аталған мектеп біздің студенттерден педагогикалық тәжірибеге ең көп барған мекемелердің бірі. Мектеп директоры Азамат Сыздықовтың сөзінше, практика кезеңі енді басталған уақытта 51 студенттң қабылдаған. Барлығы да өздерін жақсы жағынан көрсетіп, жетекшілердің тарапынан жоғары баға алған. Мұның барлығы біздің университет ұстаздарының нәтижелі еңбегінің жемісі деп білеміз.

Кездесу барысында мектеп басшысы Азамат Жанайдарұлы мектептің қазіргі тыныс-тіршілігімен таныстырып, алдағы уақыттағы жоспарлармен бөлісті.

- Біз Марғұлан университетін тәмамдап келген жас мамандарды жұмысқа жыл сайын қабылдаймыз. Сіздерден тәлім алған жас мұғалімдердің жаман қасиетін көрмедік. Өздерінің жоғары жауапкершіліктерін, білімдерін көрсете білді. Мектеп тарапынан жас маманға арнайы тәлімгер тағайындалып, оларды ұстаздыққа баулиды. Тәжірибеге келген студенттер де өздерінің білімдерін, өнерлерін көрсетіп жатыр. Біздің оқушылар үшін бұл өте жақсы өнеге. Болашақта олар да осы студенттер секілді өнер жолына түсуі мүмкін, - деді Азамат Жанайдарұлы.

Марғұлан университетінің студенттері аталған білім мекемесінде дене тәрбиесі, музыкалық білім беру, тарих, қазақ тілі және әдебиеті, шет тілі пәндері бойынша сабақ берді. Практикаға жауап беретін мұғалімдердің сөзінше, студенттер толық жоспарлары бойынша тапсырмаларды орындап шыққан.

Сонымен қатар, университет басшысы Жанбол Жилбаев: "Қаланың басқа да мектептерімен жұмыс істеп жатырмыз. Студенттер 4 жыл бойы мектептерде практикадан өтеді. Сондықтан оларды өз кәсіптеріне бағыттап жатқан мекемені өз көзіммен көріп, әріптестермен танысуды жөн көрдім. Алдағы уақытта бірігіп жұмыс жасауға дайынбыз. Осы мектеп ұжымына біздің студенттерге қамқорлық жасап, өз тәжірибелерімен бөліскені үшін алғыс білдіремін" деді.

Кездесу барысында мұғалімдер студенттердің тәжірибе өту кезіндегі сәттерімен бөлісіп, әріптестік қарым-қатынасты одан ары нығайта түсу мақсатында өз ұсыныстарын білдірді.