Перейти к содержимому страницы.

Магистратураға кешенді тестілеу қалай өтуде?

03.08.2021

2021 жылдың 18 шілдесінен бастап магистратураға кешенді тестілеу өтуде. Емтихан тапсыру тамыз айының 10-ына дейін жалғасады.

Магистратураға түсу форматына биыл жаңа өзгерістер енгізілген жоқ. Пандемияға байланысты кешенді тестілеу электронды форматта жүргізілуде. Жоғары білімі бар студенттер 3 блоктан тұратын кешенді тест тапсырады: ағылшын тілінен тест (50 сұрақ), оқу дайындығын тексеруге арналған тест (30 сұрақ), білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест (30 + 20 сұрақ). Барлық тапсырмаларға 3 сағат 55 минут беріледі. Кешенді тестілеу аяқталғаннан кейін, қатысушы өз нәтижесін тексеріп, 30 минут ішінде онлайн-апелляция беруге мүмкіндігі бар. Апелляцияға өтінім тестілеу өткізілген күннен бастап 3-5 күн аралығында қарастырылады, өтінім жауабы кандидаттың жеке кабинетінде көрсетіледі.

Тестілеу UStudy.kz IT платформасы негізінде өтеді. Қатысушы тестілеу өтетін жеке кабинаға кірмес бұрын, металл детекторынан өтуі тиіс, алдын ала дайындалған жазба қағаз, ұялы телефон немесе басқа бөгде заттарды аудиторияға жасырын алып өту әрекеті комиссия тарапынан қатаң бақыланады, заңсыз әрекет байқалған жағдайда конкурсант тестілеуден шеттетіледі. Кешенді тестілеудің жалпыға бірдей бірізді тәртіпте әділетті өтуі үшін аймақтық комиссия құрылған. Комиссия құрамына ППУ басқарма төрағасы – ректоры Жилбаев Ж.О., жоғары оқу орнына дейінгі дайындық және кәсіптік бағдар беру жұмысы бөлімінің меңгерушісі Маняпова Р.К., және ғылыми жұмысты ұйымдастыру департаментінің директоры Сулейменова Г.А. кірді.

Қазақ немесе орыс тілдерінде оқытылатын ғылыми-педагогикалық магистратураға қабылдау 150 балдық жүйе шкаласына сәйкес КТ нәтижелері бойынша жүзеге асырылады. Өтініш беруші ақылы негізде оқу үшін тестілеуден кемінде 50 балл жинауы керек. Оның ішінде жеке пәндерден: ағылшын тілінен кемінде 25 балл; білім беру бағдарламаларының бейінді тобы бойынша: бір дұрыс жауабы бар тестілеуден – кемінде 7 балл; бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тестілеуден – кемінде 7 балл; оқу дайындығын анықтауға арналған тест үшін – кемінде 7 балл. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша ғылыми-педагогикалық магистратураға гранттық конкурсқа кемінде 75 баллдан жоғары жинаған конкурсанттар қатыса алады.

Ал бейінді бағыт бойынша магистратураға ақылы негізде түсу 100 балдық шкала есебімен КТ нәтижелері бойынша жүзеге асырылады: конкурсант тестілеуден кем дегенде 25 балл жинау керек, оның ішінде әрбір пән бойынша кемінде 7 балл, ал грантқа түсу үшін тестілеу сұрақтарының тең жартысын – кем дегенде 50 балл жинау міндетті.

Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылдың 10 тамызында КТ нәтижелері бойынша магистратураға гранттық конкурсқа қатысуға өтініштер қабылдау басталады. Түпкілікті магистратураға қабылдау нәтижелері 2021 жылдың 28 тамызында белгілі болмақ.