Перейти к содержимому страницы.

МАГИСТРАТТАР АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ БОЙЫНША ТҮРКИЯДА БІЛІМ АЛЫП КЕЛДІ

06.02.2025

Марғұлан университеті «Тарих» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранттары Айнұр Әлиақбар, Зиада Маженова, Камила Жилгельдинова және Нұрбек Кабильдиновтер 2024 жылдың қыркүйегі мен 2025 жылдың қаңтар айы аралығында Түркияның Токат Газиосманпаша университетінде академиялық ұтқырлық бойынша білім алып келді. Магистранттар оқу барысында білім алумен қатар, университет ішіндегі қоғамдық іс-шараларға да белсенді қатысты. Атап айтсақ, «Uluslararası Türk Dünyası Eğitim Bilimleri ve Sosyal Bilimler Kongresi» атты Халықаралық конференцияда оқыған баяндамалары жоғары бағаланып, мақалалар жинағына енді. Сонымен бірге, оқу барысына сәйкес келген тәуелсіздік мерекесінде «Қазақстанның тәуелсіздік күні» іс-шарасын өткізіп, қазақ халқының жалпы тарихы мен тәуелсіздігі туралы баяндама жасады. Шараға университет студенттері мен магистранттары және оқытушылары қатысып, қазақ тарихы хақында өз ойларын білдіргенін айтады.

- Түркия еліне келген соң өзімізді оң қырымыздан көрсетуге тырыстық. Себебі, бұл үлкен жауапкершілік. Соның арқасында Токат Газиосманпаша университеті тарапына дұрыс пікір мен жақсы көзқарас қалыптасты. Осы орайда университет басшылығына, жоғары мектеп деканы Анар Еркенқызына, халықаралық қатынастар бөліміне зор алғыс білдіреміз. Осы жобаның арқасында өз мамандығымызға деген қызығушылығымыз артып, алдымызға жаңа мақсаттар қоюға серпін берді, - деді магистранттардың бірі Айнұр Әлиақбар.

Оқу бағдарламасын аяқтағаннан соң, біздің магистранттарды университет ректоры Фатих Илмаз қабылдап, Марғұлан университетімен әріптестік ынтымақтастықты, Қазақстан мен Түркия арасында ғылыми қарым-қатынастарды одан ары нығайтуға ниетті екенін айтқан.