Перейти к содержимому страницы.

МАХАМБЕТ ӨТЕМІСҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА - 220 ЖЫЛ

21.04.2023

Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ғылыми кітапханасында "Жыр жебелі-Махамбет” атты әдеби кеші өтті. Шара қазақтың күрескер ақыны Махамбет Өтемісұлыынң 220 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Махамбет — халықты патшалық, хандық өкіметке қарсы қарулы кетеріліске шақырған алғашқы қазақ ақыны.  «Жәңгірге», «Баймағамбет сұлтанға» деген өлеңдерінде үстем тап өкілдерін сынаса, «Мұнар күн» өлеңінде ел басындағы ауыртпалықты күйзеле, ашына айтты. Махамбет Өтемісұлы ақын-жыршы ғана емес, оның асқақ рухты күйлері де ел ішіне кең таралған. «Өкініш», «Қайран Нарын», «Жұмыр қылыш», «Терезе», т.б. күйлері күйтабаққа жазылып, алтын қордың рухани мұрасына айналды. Махамбет өлеңдері 1908, 1912, 1925 жылдары Қазан, Орынбор, Ташкент қалаларында жарық көрді. Шығармалары 1939-89 жылдар арасында 8 рет жеке кітап болып шықты, оқулықтар мен жинақтарға енген.

Шараға филология ғылымдарының докторы, профессор Сейфитден Сүтжанов қатысып, Махамбет Өтемісұлының  өмір тарихы, өршіл рухты поэзиясы туралы сыр шертті.

- Махамбетұлының қай шығармасын алсақ та, отаршылдыққ саясат пен Жәңгір бастаған ханның қысымына шыдамаған халықтың мұң-зарын, арман аңсарын суреттеледі. Қарапайым халық пен ханның арасына араздық тудырған патша үкіметінің отарлауы турлы ашына жазады. Ол өмірінің соңына дейін еліміздің қасиетті Тәуелсіздігін аңсап өтті. Бүгінгі біздің Тәуелсіздігіміз сол бабаларымыздың төккен қанымен келгенін ұмытпайық, - деді профессор Сейфитден Сүтжанов.

Шара барысында университет студенті Имантай Мағзұм  Махамбетке жыр арнаса, Шыныбек Ақжан  «Адай» күйін орындады.  Ал Гүлжаннат Кемелбек, Арайлым Мамедова, Бекзат Қали сынды студенттер Махамбеттің рухты өлеңдерінен үзінді оқыды.