МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ СТУДЕНТТЕРДІҢ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІНЕ ЖОҒАРЫ БАҒА БЕРДІ
09.02.2023
Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев Павлодар қаласындағы №11 жалпы орта білім беру мектеп ұжымымен кездесіп, мұғалімдердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сонымен қатар, біздің студенттерге көмек көрсетіп, өз тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіби ақыл-кеңестерін бергені үшін мектеп ұжымына алғысын білдірді. Себебі Марғұлан университетінде білім алатын 45 студент педагогикалық тәжірибеден өтуге сол мектепке барды. Олар болашақта ағылшын тілі, тарих, музыкалық білім, дене шынықтыру, биология пәндерінің мұғалімі болатын студенттер. Бірінші екінші курс студенттері барлығын сәтті аяқтаған болса, жоғарғы курс студенттері көктемге дейін оқушылармен жұмыс істейді.
«Қазіргі әлемде мұғалімдерге қойылатын талаптар жыл сайын артып, еңбек нарығында бәсекеге түсу қиындай түсуде. Біз түлектеріміз үшін қатты алаңдаймыз, сондықтан біз жұмыс берушілерден олардың оқу сапасы туралы өздерінен біліп, алдағы жұмысымызда не нәрсеге баса назар аудару керектігін білгіміз келеді», - деді Жанбол Октябрьұлы.
Мектеп директоры Орынгүл Бекжанованың айтуынша, Марғұлан университетінің студенттері өз жұмыстарына ұқыптылығымен, жауапкершілігімен көзге түскен. Ол өз сөзінде алдағы уақытта университеттің профессорлық-оқытушылық құрамымен бірлесіп жұмыс жүргізуге әрқашан дайын екенін жеткізді.
-Біздің мектептен тәжірибеден өтуге Марғұлан университетінен 45 студент келген. Олардың жартысы өз жұмыстарын әлі жалғастырып жатыр. Біз оларды жылы қарсы алып, мектептің барлық тәртібімен таныстырып, қажетті нұсқаулықтарды бердік. Әрқайсысына жауапты мұғалімдер бекітіліп, олар жетекшілік көрсетті. Жалпы, сіздердің студенттеріңіздің білімі мен тәртібі туралы ешқандай арыз-шағым жоқ. Бір айта кетерлігі, бізде математика және орыс тілі пәндерінің мұғалімдері жетіспейді. Алдағы уақытта осы олқылықтың орынын толтырамыз деп санаймын, - деді мектеп директоры Орынгүл Ерсайынқызы.
№11 мектеп директорының орынбасары Әсем Байжұманованың пікірінше, студенттер жаңа технологияны барынша жетік меңгеріп, жаңа идеиялармен келуі керек. Сонымен қатар, жоғары курс студенттері университет бітіріп, мектепке жұмысқа барар кезде мұғалімдердің ваканттық конкурсынан өтеді. Осы ретте оқу бітіретін студенттерге арнайы семинар ұйымдастырып, сол конкурстың талаптарымен таныстыру қажет дейді.
Кездесу барысында Марғұлан университеті гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебіінң деканы Анар Кәрімова мен кәсіби бағдар беру бөлімінің басшысы Гүлнәр Мұсанова сөз сөйлеп, мектеппен одан ары тығыз байланыста жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.
-Павлодар қаласындағы №11 мектебі өңіріміздегі ескі білім беру мекемелерінің бірі. Бірақ соған қарамастан білім беру көрсеткіші жылдан жылға өрлеп келеді. Мысалы биыл қала мектептері арасында өткен қалалық олимпиадада үшінші орын алды. Соған қарағанда мұнда өте білімді әрі кәсіби біліктілігі жоғары мұғалімдер жұмыс істейді. Біздің студенттер үшін осындай ежелден қалыптасқан жалпы білім беру мектептерінде тәжірибеден өтудің маңызы зор. Сондықтан, оларды осындағы тәжірибелі ұстаздардан тәлім алып, білім беру барысымен танысу мақсатында жібердік. Студент теориялық білімді университеттен алса, тәжірибені мектептен алады. Осы ретте сіздердің тараптарыңыздан әртүрлі семинар, тренингтер және шеберлік сыныптары керек. Сондықтан, осы әріптестік байланысымыз алдағы уақытта жалғасады деп ойлаймын, - деді Гүлнәр Қабдылманатқызы.