Ұлт ұстазы - Ыбырай Алтынсариннің 180- жылдығына арналған декада басталды!
03.11.2021
Павлодар педагогикалық университетінде қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің декадасы басталды.
Павлодар педагогикалық университеті Педагогика жоғары мектебінің вице-деканы Жанна Серғазинаның айтуынша, болашақ педагогтар үшін ұлт педагогы, қазақ балалар әдебиетінің негізін салушы ұлы тұлғаның еңбектерімен танысу өте маңызды.
"Биыл қазақ халқының тарихында ерекше орын алған кемеңгер тұлғаның бірі, қазақтың тұңғыш ұстазы, қазақ жерінде алғаш мектептер ашып, білім мен оқуды насихаттап, «Дала шамшырағына» айналған ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойы аясында қоғамдық-мәдени іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазақ білімінің көрнекті ұстазын әр болашақ мұғалім білуі тиіс", - дейді Жанна Жаныбекқызы.
Салтанатты жиында Е.Бекмаханов атындағы ғылыми кітапхананың директоры Роза Игибаева кітап көрмесімен және декада аясында өткізілетін іс-шара жоспарымен таныстырды. Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының оқушылары түсірген бейнеролик көрсетілді. Болашақ педагогтар Ыбырай Алтынсариннің өлең шумақтарын мәнерлеп оқыды. Декада аясында өткізілетін іс-шараға ұстаздар мен студенттер белсене қатысып, жан-жақты жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді.